НЕЛІКТЕН ЕВРЕЙЛЕРДІҢ ТЕГІ АНАСЫМЕН АТАЛАДЫ?
Еврейлердің мыңдаған жылдар бойы көп азап шеккенін бүкіл әлем біледі. Олар геноцид, жер аудару, адамдық құқығынан айыру… және үнемі қудалау құрбандары болды. Бірақ ештеңеге қарамастан, еврейлер өздерінің ұлттық ерекшелігі мен дінін сақтап, әлемдегі ең дамыған елдердің бірі — Израильді құра алды.
Яһудилерде көптеген ерекше әдет-ғұрыптар бар, олардың бірі — олардың шығу тегі.
Әлемдегі адамдардың көпшілігі балалар әкесінің әулетін сақтайды деп санайды. Ал Еврейлерде, егер баланың анасы еврей болса ғана, ол адам еврей деп саналады. Бір қызығы, бұл әдет өте көнеден келе жатқан салт емес.
Таяу Шығыстағы мәдениеттердің көпшілігі, әлем елдерімен бірдей әрбір адамның әулетін ата-бабасы бойынша жіктейді. Яһудилер де ерте кезден балаларына әкелерінің тегін беретін. Ата тегін алғанда арабтар «ибн» сөзін, еврейлер «бин» сөзін қолданды. Мысалы, Жошуа бин Нун деген адам болса, демек, оның әкесі Нун болғаны. Ол бойынша «Ыбырайымның ұлы Ысқақ пен Ысқақтың ұлы Жақып …»,-деп жазатын.
Алайда иудаизмде әйелдерді басқа Таяу Шығыс халықтарына қарағанда көп құрметтейтін. Мысалы, киелі жазбаларда әйелден әлемді құтқаратын батыр туады делінген. Бұл көзқарастың христиан дініне әсерін «Әлемнің құтқарушысы Иса мәсіх пәк Мариядан туды» деген көзқарастан да көруге болады. Әйелдерге осылай құрметпен қарап келген болса да, ежелгі Израиль жойылғанға дейін және жойылғаннан кейін де еврейлерді әкелерінің тегімен шақыратын.
Израиль жойылғаннан кейін, еврейлер әлемнің әр түкпірінде қоныстана бастаған кезде яһудилердің діни қызметкерлері болушы раввиндер өз ұлттарының қанын таза ұстауға ден қойды. Өйткені раввиндер тек діни ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік көшбасшылар міндетін атқаратын.
Еврейлерде анасының тегімен аталатын дәстүрінің пайда болуы олардың діни заңдарын түсіндірудің негізгі жазбасы болған Талмудтың пайда болуымен байланысты. Жазба біздің заманымыздың 4-5-ші ғасырлары аралығында жазылған, осы кезде баланың тегін анықтайтын «Рабби Шимонның формуласы» пайда болып, онда «еврей әйелдің ұлы «Сенің ұлың» деп аталады, ал еврей емес әйелдің ұлы «Оның ұлы» деп аталады»,-деп көрсетіліпті.
Осыған сәйкес, таза еврей әйелінен туған адам ғана, әкесіне қарамастан өзін еврей деп санауы керек. Бұл ереже Талмудта жазылғанымен, сол кездегі адамдар жаңа ережені ұстануға асықпады. Еврей тұқымын ру-сүйегі арқылы беру идеясы көп уақыт бойы жалғаса берді.
Бірақ иудей дінінің бір ағымы болушы Хасидизмнің Шығыс Еуропада пайда болуымен барлық жағдай өзгерді. «Хасидизм» деген атауы «Хасидут» — дұрыс, әділ деген сөзден шыққан және бұл ағымның ізбасарлары өздерін Құдай заңы бойынша өмір сүретін жалғыз еврейлер деп санайды.
18 ғасырдың басынан Хасидизмнің ізбасарлары «бин» сөзін «бен» және «бат» сөздерімен ауыстырып, түпнұсқа атауда қолдана бастады. Мысалы, «Шломо бен Лиа бат Сара» деген адам болса, анасы — Лия, ал әжесі — Сара деген сөз. Хасидизм сонымен қатар еврей мемлекетін құру идеясы — сионизмнің негізгі бөлігіне айналды.
Бұл қазіргі Израиль тәрізді емес, Талмуда жазылған Құдай патшалығын құру идеясы болатын. 1920 жылдардың басында еврейлер сол кездегі Палестина, яғни ата-бабаларының жерінде еврей мемлекетін құру үшін біріге бастады. Сонымен бірге, үлкен саяси және қаржылық күшке ие еврейлердің бұл идеясын Кеңес Одағы мен АҚШ қызу қолдаған бболатын.
Алайда, Екінші дүниежүзілік соғыс бұл адамдардың барлық жоспарларын үзіп, нацистердің миллиондаған еврейлерді жоюының салдарынан сионизм туралы ештеңе айтылмай, Германия жеңілгеннен кейін ғана мемлекет құру идеясы қайта көтерілді.
1946 жылы үш одақтас — Кеңес Одағының, АҚШ пен Ұлыбританияның өкілдері Израильді құруға келісті. Ол кезде Палестина Ұлыбританияның бақылауында болатын және бұл мәселені шешуде сол елдің басшылары маңызды рөл атқарды.
Израиль мемлекеті құрылғаннан кейін бүкіл әлемдегі еврейлер өздерінің «шынайы Отанына» бара бастады. Олардың 25 пайызға дейінгі бөлігі Кеңес Одағынан барды. Жаңа құрылған елдің халық санының өсуіне Кеңес Одағы мен АҚШ-тың ықпалында болған Шығыс Еуропа елдері айтарлықтай үлес қосты.
Хасидизмнің ең ірі орталықтары Шығыс Еуропа мен АҚШ-та орналасқан. Еврейлердің бастапқы шығу тегін «Рабби Шимон формуласы» бойынша анасының тегімен атау тәжірибесі әлі күнге дейін даулы болып келеді. Бүгінде Израиль азаматтарының жеке куәлігінде әлі күнге дейін «ұлт» деген жазудың болмауы да осыған байланысты болуы мүмкін.