Немере мен әжесі

-Айтшы, әжетай, көк деген не?
Теңбіл-теңбіл көктеген бе?
Жұлдыз көзін жымыңдатса,
Ай-әжесі: «Тек!»- деген бе?
Бұлттар бөрте ешкідей дәл
Мана тізген көк көгенге.
Қатар көкте шұбырып барад,
Ағытып біреу: «Шек!»- деген бе?

-Қой, құлыным, обал, обал,
Молда оқытар, мектепке бар.

-Әже-ау, біздің Лұқбек айтад:
«Жер — ойнайтын доп,- деп айтад.-
Тағы алыста теңіз де бар,
Тіпті түбі жоқ!- деп айтад,-
Шөл деген бір жер бар,- дейді,-
Ылғи қызыл шоқ!»- деп айтад.
Айтшы, әже, әже, әже
Рас па сол? Айтсаң қайтед?-Мен білем бе, мен бір надан,
Ертең сұра, бар, молдадан!-Айтшы деймін, айтшы, әжекем,
Теңіз деген сұйық па екен?
Алыста өскен тау бар дейді,
Басы көкке тиіп пе екен?
Тау жағындағы әлгі жүйрік
Қоян ба екен, киік пе екен?
Аю деген біздің мынау
Көк бұқадан биік пе екен?

-Тек!- деп ем ғой,- тентек, тентек,
Мұны айтатын мектеп, мектеп!

Мағжан Жұмабаев

* * *
Алдыңда жар, бар үңгір,
Жұтар, мейлің темірсің.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңмен өмір сүр.
Еріп кетпе дүрмекке,
Тосар тағдыр небір сын.
Өзге тілді құрметте,
Өз тіліңмен өмір сүр.
Бақшаңдағы гүліңді,
Солдырма, бол төзімді.
Жоғалтсаң өз тіліңді,
Жоғалтқаның өзіңді.

Айтуар Өтегенов

**** ***
Мені күнде қуанышқа бөлеген,
Тәй-тәй тұрып келе жатыр немерем.
Күндіз естен, түнде түстен шықпайды,
Тәтті еді, тәтті еді не деген!
Сәл нәрседен жанарына шық тұнып,
Қазірден-ақ алды бізді бұқтырып.
Ата, әже, әке, ана — «төлеңгіт»,
Ол «ханымыз» — құрметтейміз тік тұрып.
Тіл жетпесе, қас-қабақпен ымдайды,
Анау-мынау сылтауыңды ұрмайды.
Көңіліне жақпай қалса бір ісің,
Тегін жатқан «насыбайын» бұлдайды.
Күні кеше жан-жүйемді қозғасын,
Алыс тартып бара жатыр өз балам.
Жаным қазір немеремнің үстінде,
Әсер етпес енді басқа сөз маған.
Кеңшілік кез ұмыт болып бұрынғы,
Үйімізде жаңа тәртіп құрылды.
Осы күні сарай ақын боп кеттім,
«Әміршіге» арнап барлық жырымды!

Марфуға Айтқожина

* * *
Айқайлап немерем дүниеге келгенде:
– Мен? — деді ол, — иесі бұл жарық ғаламның,
Ризамыз, боташым, біз сені көргенге,
Жасасын, ұрпағы шаршаған адамның!
Көтеріп шықтым мен оны алғаш далаға,
Күліп ол, сәулелі күн болып қарады.
Байланған өзендер босанып бұғаудан,
Аппақ қар балаша жүгіріп барады.
Қайыңдар сілкінді, емендер сілкінді,
Босанды сірескен сүңгіден, қыраудан,
Ауырған бұтақтар көгере құлпырды
Айығып алды да қыстайғы тымаудан.
Тұрмын мен құшақтап көктемнің сәулесін,
Апырым-ай, мен неткен адаммын бақытты,
Тұрмын ғой көтеріп әлемнің иесін
Жасарта, жаңарта алатын уақытты!

Әбділдә Тәжібаев

* * *
Әжені сағыну

Терең ойдың құшағына малынып,
Қасиетті жыр-тұмарды тағынып,
Сезім билеп сансыраған санамды,
Отырмын мен ақ әжемді сағынып.

«Әжесінің құлыншағы – сұлтаным,
Табаныңа кірген тас пен қылтаның
Маңдайыма шөңге болып кірсін», -деп,
Алақанда әлдилеген ұрпағын.

Немерелер қаз-қатар боп тізіле,
Көлеңкедей ілесуші ек ізіне.
Соқпақ жолдар әжімдерін әрлеген,
Ақ әжемнің күрең тартқан жүзіне.

Дидарына тәкаппарлық, паңдық тән,
Әсем үні заман өте қарлыққан.
Ақ әжемді сағынғанда жаулығын
Иіскеймін тауып алып сандықтан.

Ақгүл Тұрсынбай