Неткен әдемі сөз!
Бір патша «Ең жақсы әрі көркем сөз айтқан адамға 400 динар берем!»- деп жарлық шығарыпты. Келесі күні нөкерлерімен сапарға шығады.
Жолда жас зәйтүн ағашының шыбығын отырғызып жатқан тоқсандағы қарияны жолықтырады.
Патша оған: «Мына көшетіңіз жеміс бергенше жоқ дегенде жиырма жыл керек. Төріңізден көріңіз жақын қалғанда жемісін көрмейтін іске неге арамтер болып жатырсыз?» – дейді.
Сонда қария: «Бұрынғылар еккен ағаштың жемісін біз теріп жеген болатынбыз, енді біз еккен ағаштан кейінгілер жемей ме?!» – дейді. Патша: «Неткен әдемі сөз!» – дейді де, қарияға 400 динар бергізеді.
Ақшаны алған қарт күлімсірейді. Сонда патша: «Неге күлдіңіз?» – деп сұрайды. Қария: «Зәйтүн ағашы жиырма жылдан кейін жеміс берсе, менің ағашым қолма-қол жеміс берді!» – дейді. Патша бұл сөзге одан әрі таңғалып, тағы да 400 динар бергізеді.
Қария тағы да күлімсірей түседі. Патша себебін сұрағанда: «Зәйтүн ағашы жылына бір-ақ рет жеміс берсе, менікі екі рет жеміс беріп тұр емес пе?» – дейді. Бұл жауапқа қайран қалған патша тағы да 400 динар бергізеді.
Сосын атын тебініп, қарияның қасынан жылдам қозғалып кетеді. «Неге асықтыңыз?» – деп таңырқаған уәзіріне: «Мына қарияның қасында тұра берсек, сөздері таусылғанша қазынамызды тауысып бітетін түрі бар» – деген екен.
Осылайша, жақсылық та еш таусылмай, әрдайым өз жемісін үздіксіз бере бермек!
Жақсылықтарыңыз таусылмасын Жақсылар….
Бақытжан Жаманханұлының парақшасынан