Ни сөзіне тұрды, ал Баландин – Олимпиада чемпионы!

Бүгін Қазақстан құрамасының қанжығасы қос алтынмен майланды. Алдымен, Алексей Ни баптайтын ауыр атлет Ниджат Әлиоғлы Рагимов жалпы есепте 379 келіні бағындырып чемпион атанса, суға жүзуден Дмитрий Баландин қазақтың көк байрағын Рио төрінде желбіретті.

Кеше ғана Жазира жарыс жолына шығардың алдында Ни бапкер бір алтын мен бір күміске уәде еткен болатын. Ол сенген Ниджат жеңімпаз болып қана қоймай, серпе көтеруде әлем рекордына түзету енгізді. 77 ниджаткелі дәрежесіндегі ауыр атлеттер арасында тәуекелге толы болған сайыста қытайлық Люй Сяоцзюньнің күміс (177+202=379) және мысырлық Мохамед Махмудтің  (165+196=361) қола олжалағанын айта кетейік.  Ал, Д.Баладиннің жеңісі кішігірім сенсация болды десек артық айтпаспыз. Өйткені, 200 метрге брасс әдісіміен жүзуде іріктеу кезеңінде алтыншы, ал жартылай финалда 4-орыннан төбе көрсеткен болатын. Оның үстіне жартылай финалда жапон Иппэй Ватанабэнің 2:07.00 уақытымен рекорд жасаса да, соңғы кезеңде жүлдегерлер қатарынан да табылмауы қызық жағдай. Сонымен, жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен 11-орынға тұрақтады.

«ЕлАна»