Ниетіңді түзе, қарындасым!..

Бүгінде әйел затының ерлерден көптігі баршаға аян. Мұның шындығы жеті ғасыр бұрын хақталып, бұл күнде статистика мәліметтерімен расталып тұр. Ал, неліктен әйелдердің көп болуына келсек, «Ол /Алла/ не істегенінен сұралмайды. Ал, олар /жаратылғандар/ сұралады».  Демек, неліктен олай екендігін сұрап, оған жауап іздеудің қажеті жоқ. Бізге белгілісі ‒ әйелдер санының көбейіп, ерлер санының азаюы ‒ Қияметтің белгілерінен екендігі…

Айтқымыз келгені негізі бұл емес, айтқымыз келгені, бүгінгінің ең өзекті мәселесі болған ‒ отау құрайын десе, орнын таппай жүрген қыздар туралы болмақ. Көпке топырақ шашу мақсатымыз емес екендігін алдын-ала ескертеміз, құрметті оқырман!

Бабаларымыз «Қыз мұраты ‒ кету» деп, қыздың қияға қонуы ‒ басты мұрат болуы керектігін баса айтып кеткен болатын. Бұл, асыл дініміздің: «Қызыңды уақыты келгенде ұзатуға асық» деп бұйырған өсиетімен астасып жатыр. Бабалардың бұл мұратын, бүгінгі қазақтың мұраты сәл басқаша сипатта алмастырды. Бұрынғы ол қағида бүгінгі күні «Қыз мұраты ‒ оқу, сосын табысқа жету, кейін өзінен жоғары теңіне өту» деген қағидаға өзгергендей.

Бұрын қазағымыз қыздың қонақ екенін естен шығармай, қыз баласын жар болуға, ана болуға, жақсы келін атануға тәрбиелейтін еді ғой?! Себебі ол кезде қазіргідей дамыған заман жоқ-тұғын. Сол үшін де ата мен ана қызының құтты қияға ертерек қонғанын, қонған жерінде тастай батып, судай сіңгенін тілеп, мұрат тұтатын болса керек. Ал, енді, қазіргі ата-аналар қыздарының оқуы керектігін ең бірінші орынға қояды. Оның да заманауи өзіндік себептері бар, әрине. «Қызым барған жерінде абыройлы болсын» дегені шығар. Әйтпесе, қай ата-ана өз баласына жамандық тілейді дейсіз? Некен саяқ кейбірінен ғана: «Байды қайтесің?! Оқу оқып ал да бауырларыңа көмектесіп, шіреп бір жерде отырсаңшы!» ‒ деген «ақылдарын» да есітіп қалатынымыз болмаса…

Қош, қыз бала ата-ана тілегімен, өзі қалаған жүрегімен жоғарғы оқу орнына түсті делік. Қыз оқиды, оқуын бітірген соң, кейде оқып жүріп те жұмысқа орналасады, жұмысқа орналасқан соң ақша ұстап үйренеді, қолдағы ақша жүректі де баурап алған соң, ол жүрек өмірдің қызықтарына тойсын ба? Оқу бітірген тағы көбі сол білімдерін магистрлік біліммен толықтырғысы келеді. Шамасы барлар тағы жоғары өрлейді. Не керек, сөйтіп оқу мен жұмыстан бас ала алмай, кейбірі үй ішін асырап жүргенде «кәрі қыз» деген ат та соңдарынан қуып, кеп қалады. Білімімен бірге жасы да жоғарылаған қыздардың сосын талғамы да жоғарылайды. Өздерінен артық білімді, өздерінен артық ақша табатын, өздерінен артық абыройы бар күйеуге шыққысы келеді. Ал, ондай күйеу олардың жасындағы қызға қайдан табылсын? Бір ағамыздың айтқаны бар еді: «Жақсының бәрін ерте алып кетеді ғой. Мысалы базарға барсаң да ең жақсыларын бұрын таңдап алып қояды емес пе?» ‒ деп. Расымен де ол уақытта иманды, білімді, ақылды жігіттер, тұрмыс құруды қажет етпеген білімді қыздар секілді, үйленбей жүре бермейді ғой?! Өйткені ер адамның табиғаты ондай ұзақ жүруге мүмкіндік бермейді. Ол уақытта ондай жігіттер өздерінен жасы кіші қыздарға үйленіп, ендігі бір-екі баланың әкесі болып отырады. Ал, қайнаған өмірге күйеусіз-ақ үйреніп қалған қыздар осылайша ешкімді менсінбей жүре береді де өзі іздегендей кісілерге екінші әйел болуға да келіспейді. Өйткені ол тіптен қорқынышты…

Әрине, қыздардың тұрмыс құрмай жүріп қалуларына тек бұл ғана себеп емес. Қыздарының жасы 18-20-ға келіп қалғанша тұрақты баспанасы болмауының себебінен,  жұрттың сөзіне бола, келіп тұрған мүмкіндіктен қызын айырған аналар да бар. «Үйдің сиқы мынау, ел не дейді, ұят емес пе? Үйді жөнге келтіріп алайық, сосын шығарсың», ‒ деп, қызының өзі ұнатқан кісісіне тұрмыс құрғысы келген ниетінен қайтарып, ақыры ол жігіті үйленіп кеткен соң, көңілі суып, отырып қалған да қыздар бар.

Жә, мұның бәрі тек өз көргеніміз бен бір-екі себеп ғана. Ал, біз көрмеген, біз естімеген қаншама тағдыр, қанша жағдайлар бар. Қанша тағдыр болса, сонша жағдай болады. Алайда бүгінгі күні жағдайдың мұнша өзгеруі ‒ ниет пен санаға байланысты болып тұр. Өйткені, амалдардың ниетке байланысты екенін білеміз әрі Алла Тағала әркімге ниет еткен нәрсесін беріп қояды. Бұйрық келсе, оның сырт айналып кетпейтіні тағы бар. Сондықтан да бұның бәрі де Алланың тағдырынан деп сенеміз…

Осы орайда қыздарымызға бір көмегі болар, ой салар деген ниетпен, әйелдердің тұрмыс құрардан алдынғы ой, ниет, сөз бен амалдардан жіберетін қателіктеріне тоқталсақ дейміз. Олардың сақтанулары үшін!

«…Кейбір әйелдер «бір жайттарды жасасақ, бақытты отбасын құруға, ізгі күйеуге тұрмысқа шығуға қол жеткіземіз» деген оймен, мақсатына тез жету үшін сол істерді сараптап, әділ шариғатпен салыстырып қарамай тұрып, харам не, халал не екенін толық біліп алмай тұрып, асығыстық жасайды. Сондай қателіктерден кейбірі мыналар:

Ризық-несібені талап етуде жүректің Алладан өзгеге үміт артуы. Кей жағдайларда әйелдер ризық берушінің Алла Тағала екенін естен шығарып, себептерге ғана сеніп қалады. Сөйтіп, бұл ‒ «мансап, дәулет, сұлулық және тектілік ‒ лайықты, жақсы жұбайдың келуіне себеп болады» деген ойға түсулеріне алып барады. Осылайша олар бұл аталғандардың тек қана себеп екенін әрі сынақ екенін ұмытады. Осы үшін де өмірде қаншама сұлу, текті, мансапты я бай әйелдерге жақсы құда түсушілер келмеуде. Өйткені, дәулетті де, абыройды да, сұлулықты да, тектілікті де беруші Алла. Аллаға ғана сенім артылмаған, тәуекел етілмеген істе береке де болмайды. Алла Тағала: «Егер иманды /мүмін/ болсаңдар, Аллаға жүгініп, Оған істеріңді тапсырыңдар /тәуелек етіңдер/!» ‒ деп бұйырған. Жаратушыдан гөрі жаратылған себептерге көбірек илану ‒ жақсы жардың нәсіп болуына кедергі жасайды.

Әйелдердің арасында көшеге, әсіресе ерлер көп жиналатын жерлерге шығулары олардың тез тұрмыс құруына дәнекер болады деп ойлаулары және сыртқа шыққанда неғұрлым сәнденіп шықса, соғұрлым оның әдемілігіне таңырқау туындап, кейін оның тұрмысқа шығуына себеп болады деген қате түсініктерді ұстанатындары аз емес. Бұл да өте үлкен қате пікір. Себебі бұл әрекеттер де Алла Тағалаға ұнамсыз істер мен имандылыққа қайшы келетін амалдар болып табылады. Өйткені, Алла Тағала әйелдерге надандық дәуірдегідей ашылмауды, сондай-ақ ер назарын аударатындай етіп жүрістерін өзгертпеуді бұйырған.

Телефон арқылы наздана сөйлесіп, ер адамның өзіне үйлену құштарлығын арттыру мен жалған үмітін қоздыру арқылы, оның көңілін өзіне аудару да қате істерге жатады. Тіпті бұл іс-әрекет үшін қаншалықты тәубе еткенімен, қоғам ұмытпайтын қайғыға ұрындыруы да мүмкін. Алла Тағала әйелдерге бөгде ерлермен қылымсып сөйлеспеуді бұйырған. Алланың бұйрығы орындалмай қалған жерде шайтанның үлесі міндетті түрде болады да соңы бәрібір жақсылыққа әкелмейді.

Қыз бен жігіттің бір-бірімен хат жазысуы. Бұл да кейбір қыздардың тұрмыс құру мақсатында жігіттермен араласуындағы қателіктері. Екеудің үшіншісі қашанда шайтан лағнетті болатыны анық. Осы бір қатерлі әрекеттің түп негізі дұрыс болмағандықтан, қаншама әйелдердің опық жегені өмірде көптеп кездесіп жатады.

Өзінің жеке суреттерін құрбыларына немесе арнайы таныстыру агенттіктеріне тұрмысқа шығу мақсатымен беруі, әлеуметтік желілерге өз суреттерін қоюы ‒ үлкен қателік. Олар ерлерден тіпті дін үкімдерін аса ұстанбайтындарының өздері әйелдікке: дініне, ар-намысына, ұятына берік жарды таңдайтынын біле тұра осылай істейді. Ал, иманды ерлердің көбі ешкімнің сұғы түспеген, ешкімнің қолы тимеген қыздарды бағалайтыны белгілі. Осылайша ол жақсы ерлерді арсыз қылығымен өзінен бездіруге себепші болады.

Оған ешқашанда күйеуге шыға алмайтын кісіге құр, бекер үміттену. Бұған көптеген саяси, әлеуметтік және тағы басқа жағдайлар себеп болады. Ал, осы бір қате ниеті үшін, одан басқаның ұсынысын қабылдамай, тек қана соны ойлаумен өмірінің барлығын тұрмыс құрмай өткізіп алуы қаншалықты дұрыс болар екен?

Әйел адамның болашақта күйеуге шығамын деп ұнатқан кісісіне өзін- өзі ұсынуы. Сөйтіп ол адам, оның қарапайымдылығын теріс пиғылға пайдаланады. Сонымен қатар әйелдің лайықты дәрежеде құрметтелмеуіне себеп болады. Осылайша ол әйел жазылмайтын ауыр зардаптар мен мүшкіл жағдайларға душар болуы мүмкін.»

Міне, қыздар, әйелдер қауымы! Осындай қателіктерге қаперсіз болудан сақтаныңыздар! Алла Тағала сіздердің екі дүниеде табысты болуларыңызды жазсын! Алла Тағала әйелдердің дәрежесін соншалықты көтерген. Ендеше сол құрметке лайық болыңыздар, лайықты амал жасаңыздар!

Мақаламыздың жүрегі, тілегіміздің тірегі етіп, Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ерлерге де, әйелдерге де қатысты айтқан мүбәрак мына бір хадисімен сөзімізді түйіндейміз:

«Алла Тағала, атақ-абыройы үшін некеленгеннің төмендеуін арттырады. Малы (дүниесі) үшін үйленгеннің жоқшылығын арттырады. Тегі үшін некеленгеннің қор болуын арттырады (қорлыққа ұшыратады). Ал, егер біреу көзін бөгдеден қорғау үшін, өзін (зинадан) сақтау үшін, сондай-ақ жекжат болу үшін (жақындықты нығайту үшін) некеленсе, Алла ол еркекті бұл әйел арқылы, әйелді бұл еркек арқылы бақтияр етеді (бақытты етеді)», – деген. (Әнастан р.а. Тирмизи)

Алаштың ұлы

Дереккөз:Асыл арна.кз