«NOMAD EXPLORER» ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА КЕЛДІ
Бүгін республикалық деңгейдегі «Nomad explorer» экспедициясы Түркістан қаласына келіп жетті. «Оңтүстік аңыздары» деген тақырыппен өтіп жатқан туристік бағыт бойынша келген саяхатшылар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, қорық-музейді аралады. Еліміздің барлық өңірлерінен келген қонақтар Қазақ хандығының орталығы болған Түркістан қаласының көрікті орындарымен танысты.
Түркістан облысының Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Түлкібас, Төлеби, Отырар аудандары аумағындағы киелі және туристік орындарға саяхат жасаған қонақтар Түркістанның туристік әлеуетін өте жоғары бағалады. Атап айтсақ, Ақмешіт үңгірі, Домалақ ана кесенесі, Аппақ ишан мешіті, Қазығұрт тауы, Ақбура әулие, Ғайып ерен Қырық шілтен, Қажымұқан мұражайы, Отырар қалашығы, Арыстан баб кесенесі және өзге де тарихи орындарды аралап, өңірдің таңғажайып табиғатына тамсанды. Экспедиция құрамында жүрген белгілі қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты Мұхтар Тайжан Түркістан облысының көрікті орындарынан ерекше әсер алғанын айтты. «Нұх пайғамбардың кемесі туралы аңыздар қазақ және армян халықтарында бар. Бұл – өте ерте заманды суреттейтін аңыз. Демек, қазақ халқы ең ежелгі ұлттардың бірі деуге негіз бар. Қазығұрт тауының баурайына келіп, осы тарихи орынды өз көзіммен көрдім. Экспедиция мүшелері де ризашылықтарын білдіріп жатыр. Менің ойымша осындай іс-шаралар арқылы елдің туризмі дамып, жұртшылықтың туған елге, туған жерге деген сүйіспеншілігі оянады. Түркістан облысының туристік әлеуеті өте мықты. Егер осы бағытта жұмыс күшейе берсе, туризм саласы да дами береді», – дейді ол.
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, көне жәдігерлермен, алып кесененің тарихымен танысқан саяхатшылар одан кейін Сауран қалашығына жол тартты. Олар сол маңда түнейді. Ертең экспедиция мүшелеріне және өзге де саяхатшыларға арналып үлкен туристік іс-шаралар өтеді. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, фольклорлық ансамбльдердің концерттік бағдарламалары ұсынылмақ.
Түркістан облыстық Өңірлік коммнуикациялар қызметі