«Nur.kz» сынға неге ілікті? (Видео)

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен.

«Ескерт! Өйткені ескерту мүміндерге пайда береді». (Зарият, 55)

NUR.KZ АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫНА ЖҮЙЕЛІ КӨЗҚАРАС

Иман кәмілдігінің ең басты шарты Алланы шынпейілділікпен жақсы көру және Ол жақсы көретін нәрселерді ұнату, сондай-ақ Оның жақсы көрмейтін нәрселерінен аулақ жүру. Яғни ақиқатқа және жақсылыққа деген сүйіспеншілігіміз арқылы зұлымдық пен жамандыққа дұшпан бола алмасақ бұл иманымыздың әлсіздігі және кемшілігі болмақ. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім Алла үшін жақсы көріп, Алла үшін дұшпан болса, Алла үшін беріп, Алла үшін бас тартса иманын кәмілдікке жеткізгені», — деп айтқан (Тирмизи, Сыфатул-Қияма 60). 

Сондықтан да кәміл мұсылман барлық пікірлері мен ой-сезімдерін Алланың қалауына сай тізгіндейді. Жақсы көрсе Алла үшін жақсы көріп, жек көрсе Алла үшін жек көреді. Кәміл мұсылманның жан дүниесінде барлық істің өлшемі «Алланың разылығы» болады. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендер де бір-біріңе жақсылықты насихаттамасаңдар, жамандықтан тыймасаңдар, залымның зұлымдығына кедергі болмасаңдар Алла сендердің де жүректеріңді бір-біріңе ұқсатады. Исраил ұлдарына келген лағынет сендерге де келеді», — деп айтқан (Әбу Дәуд, Мәлахим 17/4336).

«Алла үшін жақсы көру, Алла үшін жек көру» қағидасын басшылыққа ала отырып, көптеген мұсылман бауырларымыздың өтініштері, олардың наразылықтары бұл бөлімнің жарыққа шығуына мұрындық болды. Шын мәнінде NUR.KZ ақпараттық порталының орамалды жеккөрінішті қылып көрсететін, дінге қатысты негативті мақалалары басты себеп болып отыр. Расында орамалды аруларымызды сондай негативті пікірлермен жазулары тым шектен шығып кетті. NUR.KZ-тен орамалға қатысты бірде-бір жағымды мақала іздеп таба алмадық. Тек қана негатив, негатив, негатив. Тіпті кейде NUR.KZ-тің дін жайлы мақалаларын оқи отырып, жер бетінде мұсылмандардан артық жиіркенішті адамдар жоқ деген пікір қалыптасады. Мұндай анти-исламдық мақалалардан кейін қарапайым халық Исламнан шошынбайды деп кім айта алады?

Орамалдың құндылығы және оның қоғамға тигізер пайдасы, халықтың рухани ахуалы, әрі зинақорлыққа қарсы бірден-бір қорған болуы жайлы, сондай-ақ, ең маңыздысы – орамал Алланың бұйрығы екені жайлы NUR.KZ-тің жарғақша бетінен ешқандай ақпарат таба алмайсыз. Феминизмнің құрбаны болып, Исламды жаппай қабылдап жатқан, өмірдің мәнін түсінген жандардың өмірінен сыр шерткен ғибратты оқиғаларды кездестірмейсіз. Бриджит Бардо және Джоанна Френсис сынды танымал тұлғалардың мұсылман әйелдеріне жолдаған өнегелі сөздерінде таба алмайсыз. Ал керісінше діннен безгендер мен Алласын толық танымағандардың орамалға қарсы пікірлері көзге күйік болып ілініп тұр. Сондай-ақ, иманын сатып, шешініп жатқандарға бұл сайт жарнама жасағанды құп көреді. Дүние үшін ар-намысы мен иманын сатуға дайын отандық жұлдыздарды мақтап жазып, орамалды аруларымызды жиіркенішті қылып көрсетіп, орамалға мұншама өштесуінің сырын анықтап көрдік.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім жеккөрінішті іс көрсе, оны қолымен өзгертсін. Егер шамасы келмесе, онда тілімен. Ал бұған да шамасы келмесе, онда жүрегімен өзгертсін, алайда бұл иманның әлсіздігінің белгісі», — деп айтқан (Муслим 177).

Діннен безгендерді жарнамалайтын сайттың шығу тарихына зерттеу жасап, өте жиіркенішті мағлұматтарды таптық. NUR.KZ сайты 2009 жылы құрылды. Бағдарламалық жасақтамасы мен дизайны Белоруссиялық ең танымал TUT.BY порталының басшылығымен құрылып және солардың қолдауымен дамыды. Аталмыш сайттың негізін құрғандар Василий Ульянов пен Юрий Зиссер деп аталатын өзге ұлт өкілдері. NUR.KZ сайтының жұмысына зерттеу жасау барысында талай дау-дамайдың астында қалғаны жайлы көптеген ақпараттарды көзіміз шалды. Нақтырақ айтсақ, танымал сайттардан контенттерді ұрлап, соттасып, DEFACTO.KZ және SURAK.SZH.KZ сайттарына плагиат жасаған. NUR.KZ сайтының бұзған ережелерін санауға тіпті саусақ жетпейді. Сол себепті отандық интернет қауымдастығының шешімі бойынша NUR.KZ сайты қауымдастықтан шеттетілген. Тізімді әрі қарай жалғастырудың мәні жоқ. Расында NUR.KZ сайтының таза кәззабшы екеніне осы дәлелдер жеткілікті.

YVISION.KZ сайтының келтірген дәлелі бойынша, NUR.KZ сайты қолданушылар санын арттыру үшін порно трафиктарды қолданған. Және бұл ресурсқа трафик жеткізуші жалғыз ғана дәлел емес, сонымен қатар порно сайттар мен торрент-трекерлер бар екенін жазады. Осы мақаланың астында NUR.KZ-тің басқарушысы Василий Ульяновтың жауабы бекітілген. Мәтіні мынадай: «2009 жылдың қараша айынан бастап, біз трафик сатып алмаймыз. Мүлдем. Қарапайым трафикті де, порно трафикті де». Назар аударыңыз. Демек аудиторияны арттыру үшін, расыменде осындай жиіркенішті істерді жасағанын өздері мойындап отыр. Яғни бұл сайттың іргетасы аса жиіркенішті амалдармен құрылған. Сәйкесінше мұндай харам сайттың таратқан ақпараты да харам!

Задында, NUR.KZ сайтын зерттеу барысында көптеген порно мағлұматтарды таптық. Сайттың жарғақша бетінде порно актрисалар жайлы әртүрлі мағлұматтар орналасқан. Жезөкшелердің күнделікті өмірі, тыныс-тіршілігі жайлы, бос уақытында немен шұғылданатыны, жиіркенішті суреттері, өмірлік ұрандары жайлы егжей-тегжейлі жазылған. Сонымен қатар жезөкшелердің құқықтары жайлы жасаған шерулері, порно индустриядағы жетістіктері мен машақаты, жезөкшелердің жұмыс тәртібі, тағы да басқа көптеген жиіркенішті мағлұматтар көптеп кезедеседі. Сонымен қатар жалаңаш қыздарды сөгіп жазған бірде-бір мақала таба алмадық. Иманнан жұрдай әртістердің тәнін жарнамалап түскен суреттерін үнемі жарнамалайды. NUR.KZ-тің ақпараттары кез-келген жастағы оқырмандарға қолжетімді екенін ескеретін болсақ, жасөспірімдер арасында интимді ақпараттар таратуы қылмыс болып саналады.

Қасиетті «нұр» сөзін иемденіп, жезөкшелерге жарнама жасап, онысымен қоймай орамалды аруларымызды қаралау былай тұрсын, бұлар діннің «д» әрпіне де лайықты емес. Қазақтың таным түйсігінде «ұят» сөзінің орны ерекше. Ежелден ұрпағын «ұят болады», «өлімнен ұят күшті» деп тәрбие берген қазақтың таным түйсігі шариғат шеңберінде қалыптасқан. Ғасырлардың түбіне бойлап қарасақ, бірде-бір орамалсыз қазақ әйелін елестету мүмкін емес. Орамал – қазақ әйелінің символы. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп, ұятты бірінші орынға қойған халықпыз. Ал мына NUR.KZ сияқты сайттардың орамалға қарсы ұстанымы, ата-баба дәстүріне қарсы болып, Аллаға қарсы соғыс ашқандығының белгісі. Өйткені орамал «Нұр» сүресінің 31-ші аятында анық бекітілген Алланың бұйрығы. Осындай арам пиғылды сайттардың арандатушылығымен, аңқау халық орамалдан шошынып жатыр.

Алла Тағала «әл-Худжурат» сүресінің 6 – аятында: «Уа иман келтіргендер! Егер сендерге бұзық адам хабар әкелсе, білместікпен жазықсыз адамдарға тіл тигізбеу үшін, (хабардың растығын) сұрастырып біліңдер, әйтпесе сендер істегендеріңе өкінетін боласыңдар», — деп айтқан. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз текке айтылмаған. Жезөкшелерді жарнамалайтын сайттың, жалған ақпарат таратуы ғажап емес. Күнәһар сайттың күнәсіне ортақ болмаған абзал. Өйткені Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім күнәлі іске тіпті жартылай сөзбен жәрдемдессе, ол сол күнәнің сыбайласы болады», — деп айтқан (Ибн Маджа, Байһаки). Алла «Ахзаб» сүресінің, 58 – аятында: «Сондай мүмін ер мен мүмін әйелдерді жазықсыз (жала жауып) ренжіткендер, өздеріне (ауыр) өтірік пен ашық күнә жүктеп алды», — деп айтқан.

Асылында Алланың сүйікті пенделеріне тіл тигізуден сақтанғандары өздері үшін қайырлы болмақ. Мұсылманның қаруы – дұға. Мұсылмандардың теріс дұғасына ілініп, екі өмірде де оңбай кету қаупі бар. Мұндай оқиғаның орын алғанына тарих куә. Пайғамбарымыздың (ﷺ) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Алла тағала айтты: “Кімде-кім менің әулие құлыма жауласса мен де оған соғыс жариялаймын. Пендемді маған жақындататын нәрселердің арасында маған ең ұнамдысы парыз еткен нәрселерді орындауы. Пендем маған нәпіл құлшылық жасау арқылы жақындай түседі де нәтижесінде сүйіспеншілігіме бөленеді. Оны мен жақсы көрсем еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламын. Менен қандайда бір нәрсе сұраса, сұрағанын беремін, менен пана тілесе, пана болып, қорғаймын”» (Бұхари, Риқақ 38).

NUR.KZ сайтының жарғақша бетінде, оқырмандарды зинақорлықтың қыр-сырымен таныстыру үшін, интимды мағлұматтарға арналған арнайы бөлімі бар. Ал ұлттық жаңалықтарды жариялауы бар болғаны коммерциялық табыс көзі. Кез-келген елде мыңдаған иманды, біртуар, талантты адамдарды табуға болады. Сонымен қатар мыңдаған деградацияға ұшыраған адамдар мен қанішерлерді, азғындарды табуға болады. Егер сіз өз еліңізге және өз халқыңызға жақсылықты қаласаңыз, онда сіз еліктеуге лайықты, жақсы үлгілі адамдарды көрсетесіз. Егер сіз жұртшылықты хайуанның деңгейіне түсіріп, ел тұрғындарын мисыз бұқараға айналдырғыңыз келсе, онда сіз тек қана арсыз, жиіркенішті, пасық адамдарды күнде жарнамалайсыз. Шын мәнінде NUR.KZ сайты жағдайында да дәл осыны мысал қылып келтіруге болады. NUR.KZ сайтының жезөкшелерді, жалаңаштарды, және барша иманнан жұрдай пасықтарды мақтап жазып, ал дінді қаралап, орамалды сөгіп жазатын анти-исламдық саясатынан-ақ, олардың қандай мақсатты алға қойғандарын аңғаруға болады.

Алла «Тәубе» сүресінің 32 – аятында: «Олар Алланың нұрын (дінін) ауыздарымен өшіруді қалайды. Егер кәпірлер жек көрсе де, Алла мұны ұнатпайды да өз нұрын толықтайды», — деп айтқан. Сіздермен болсын, сіздерсіз болсын, Ислам бәрібір жеңіске жетеді. Ал күнәһар сайттың күнәсіне ортақ болып, жамандықтың таралуына атсалысып жүрген оқырмандарға айтарымыз, Алла «Мәида» сүресінің 2 – аятында: «Ізгілікте және жамандықтан сақтануда бір-біріңе көмектесіңдер. Бірақ күнә істеуде және шектен шығуда бір-біріңе көмектеспеңдер. Алладан қорқыңдар, күдіксіз Алланың азабы қатты», — деп айтқан. NUR.KZ сайтының журналисттері мен басшылығының тәубеге келуін сұраймыз. Алла «Нұр» сүресінің, 19 — аятында: «Расында мүміндердің арасында арсыздық жайылуын жақсы көргендерге дүниеде де, ақыретте де күйзелтуші азап бар», — деп айтқан. Алланың азабы қатты, Алладан қорқыңыздар. Қайтар жеріміз Алла жақ. Қиямет күні әрбір сөздеріңіз үшін жауапқа тартыласыздар. Мұсылмандардың намысына тиіп, орамалды аруларымызға тіл тигізуден сақтаныңыздар. Қара халықты діннен шошытуды доғарыңыздар. Алла сіздерге тауфиқ және хидаят берсін!

ҰЛТЖАНДЫ БАУЫРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ