«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «АҚСҮМБЕ МЕН АҚСУ-ЖАБАҒЫЛЫ АРАСЫ» АВТОСАПАРЫ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

​Түркістан облысында мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығына арналған «Ұлтын ұлықтаған қайраткер» салтанатты іс-шарасы басталды. Созақ ауданынан бастау алған мерекеге аудан әкімі Салыхан Полатов, жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев пен өзге де зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары қатысты.
Шараның мақсаты – мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист С. Қожановтың өнегелі өмірін насихаттау. Тарихымызда күні бүгінге дейін лайықты бағасын ала алмай келе жатқан тұлғалар аз емес. Солардың бірі — Сұлтанбек Қожанов. Оның тұлғасын тану мен танытуға қатысты бірқатар арнаулы зерттеу еңбектер жарыққа шықты. Дегенмен өскелең ұрпаққа Алаш қозғалысы қайраткерінің ерен еңбегін кеңінен таныту қажет.
«Ұлтын ұлықтаған қайраткер» салтанатты іс-шарасы аясында​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ мемлекет қайраткерінің 125 жылдығына орай, Созақ ауданында С. Қожанов атындағы 100 орындық мектептің алғашқы қышы қаланып, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Мерекелік шарада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Тәжібаев құттықтау лебізін білдірді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Созақ, Түлкібас ауданы әкімдіктерімен бірлесе ұйымдастырған бұл шарасы Мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл толуына орай өткізілуде. Бұл автосапардың басты мақсаты – қос тұлғаның еңбектерін ел арасында насихаттап, ұрпақ санасына сіңіру, алыс ауылдардағы ағайынның рухани әлеуетін көтеруге жағдай жасау», деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары.

Сұлтанбек Қожановтың қоғамдық-саяси қызметі ұлтқа қызмет етудің жарқын үлігісі болды. Ол ұлтжандылығы мемлекетшілікпен ұласқан, мемлекетшілігі ұлтының рухына қызмет етуге жұмылдырылған қайраткер халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық.​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​
Бұл ретте «Ұлтын ұлықтаған қайраткер» шарасы аясында жиналған қауым «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен облыстық Мәдениет басқармасы «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» автосапарын ұйымдастыруда. Қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар, белгілі ғалымдардан құралған автосапар мүшелері алдағы екі күн бойы қос алыптың туған жерлерінде рухани кездесулер өткізіп, Қожанов пен Рысқұлов еңбектерін кеңінен насихаттау жөніндегі кеңестерімен бөліспек.​
Мерейтой ары қарай аудан орталығы Шолаққорғанда жалғасын таппақ.
Айта кетейік, «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» автосапары ертең Ақсу-Жабағылыда жалғасып, Т. Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» салтанатты іс-шарасына ұласатын болады.

«Nur Otan» партиясы
Түркістан облыстық филиалының
баспасөз қызметі