«Nur Otan» партиясының фракция мүшесі М. Ахметовтың Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа депутаттық сауалы
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Nur Otan» партиясының фракция мүшесі М. Ахметовтың Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа депутаттық сауалы
Құрметті Ералы Лұқпанұлы!
Жастарымызды азғырып, болашағын ойран еткен синтетикалық есірткі мәселесі елімізде барынша күрделеніп келеді. Оған күні кеше елорданың қақ ортасында синтетикалық есірткі жасайтын ірі зертхананың жабылуы дәлел.
Осыдан он шақты жыл бұрын «меф, кристалл, скорость, соль» деген түрлі атаумен нарыққа енген, сананы улаған синтетика жас ұрақтың өмірін азапқа айналдыруда.
Аталған мәселеге Мемлекет басшысы ерекше назар аударып, Үкіметке тиісті шараларды қабылдауды тапсырған болатын.
Әйтсе де, Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, 2021 жылы синтетикалық есірткі айналымына байланысты 1036 қылмыс тіркеліп, 160 кг-нан астам психобелсенді заттар, 3,5 тонна прекурсорлар тәркіленіп, 14 есірткі зертханасы жойылғанымен, соңғы үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны 2,5 есеге өскен.
Оның себебі, жасөспірімдер үшін синтетикалық есірткі еркін саудада, қолжетімді және арзан. Оған тапсырыс беру әріп танып, Telegram-ның тілін білгенге еш қиындық тудырмайды. Qiwi-әмиян, криптовалюта онлайн төлемдері арқылы тауарды «байланыссыз», бір-бірімен кездеспей саудалау жолға қойылған.
Сондай-ақ, соңғы кезде «курьер, закладчик» ретінде жасөспірімдерді жұмысқа тарту жиілеуде, олар өздерін заманауи тілмен «кладмен, минер» деп атайды. Әлеуметтік желіде тәжірибені қажет етпейтін, тиімді жұмыс кестесін, жоғары жалақыны, тіпті «мансаптық өсуді» ұсынған хабарламалар самсып тұр. Қазіргі қиын жағдайда тығырыққа тірелген жастарды аптасына 150-200 мың теңгеге дейін табыс табу мүмкіндігі қызықтырмай қоймасы анық.
Нәтижесінде «кладмендер мен минерлер» жауапқа тартылып, темір тордың артында отыр, ал есірткі саудалаушылар көлеңкеде қалып, бостандықта жүр.
Құрметті Ералы Лұқпанұлы!
Бұл кесел әр отбасының қасіретіне айналуы мүмкін, одан ешкім сақталмаған. Нашақорлық бай-кедейге, жас-кәріге бөліндейді. Сол себепті келесі ұсыныстарды ескеріп, шұғыл арада шара қолдануыңызды сұраймын.
-Жастар арасындағы нашақорлық бойынша зерттеу жүргізіп, есірткіге тәуелділердің саның анықтау қажет;
-Құзіретті органдардағы мамандардың біліктілігін арттырып, арнайы заманауи техникамен жабдықтау керек;
-Жасөспірімдер арасындағы жүйелі профилактикалық жұмысты, ведомствоаралық байланысты күшейту маңызды .
Депутаттық сауалдың толық мәтіні жазбаша жолданатын болады.
Үкімет бұл мәселені ерекше бақылауға алып, заңнамамен белгіленген мерзімде жауап беруін сұраймыз.
Құрметпен,
«Nur Otan» партиясының
фракциясының депутаттары
М.Ахметов
Е.Абаканов Е.Бейсенбаев Г.Елеуов