Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасында ҰБТ өткізу тәртібі түсіндірілді
Карантинге байланысты 9 (10) сынып оқушыларына арналған бітіру емтихандары мен 11 (12) сынып оқушыларына арналған мемлекеттік емтихандар алынып тасталды. Ал түлектер ҰБТ-ны 11-ші сыныптың төртінші тоқсанындағы бағдарлама сұрақтарынсыз тапсырады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен білім беру ұйымдарының басшыларымен кеңес өткізіп, оның аясында жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қабылдау, қорытынды аттестаттау, ҰБТ өткізу тәртібі, сондай-ақ кадрлық қамтамасыз ету жөнінде түсініктеме берілді. Кеңес барысында қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова қашықтан оқыту кезінде қорытынды аттестаттау қалай жүргізілетінін айтты. «9 (10) сынып оқушылары үшін бітіру емтихандары мен 11 (12) сынып оқушыларының мемлекеттік емтихандары тоқтатылды. Қорытынды бағалар жылдық бағалар негізінде қойылады. Сондай-ақ IV тоқсанда бөлім үшін жиынтық бағалау бір рет (4-11 мамыр 2020 ж.) өтеді.
Тоқсан бойынша жиынтық бағалау бір рет (18-22 мамыр 2020 ж.) өтеді», – деп түсіндірді Ш.Қадырова. Бұл ретте Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу форматы өзгермейді. «Биыл түлектер ҰБТ-ны 11-ші сыныптың төртінші тоқсанының бағдарламасындағы сұрақтарсыз тапсырады (яғни 5-ші сыныптан 11-ші сыныптың үш тоқсанына дейін). Тестіленушілер арасындағы қашықтық ұлғайтылады. Сонымен қатар, барлық оқушылардың температурасын жергілікті жерлерде тексеретін болады. Қосымша санитарлық шектеу шаралары қабылданады», – деді ол. Мектеп түлектерінің ҰБТ-ға қатысуға онлайн-өтінім беруі 1 сәуірден 10 мамырға дейін жүргізіледі. Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен шектеу шаралары бойынша оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және оқу жылын табысты аяқтау үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.