Нұр-Сұлтан қаласында жол жөндеу жұмыстары басталды: 2020 жылы 150 көше жөндеуден өтеді

Нұр-Сұлтан қаласында ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайтын 150 көше жөнделеді.

 

 

Жұмысшылар жол жөндеу жұмыстарына кірісіп кетті. «Биыл 150 көшені жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 50 көше қаланың орталық бөлігінде – қоғамдық көлік жүретін магистральды көшелер. Олардың көбі орташа, кейбірі күрделі жөндеуден өтеді. 150 көшенің 100-і тұрғын алаптарда. Мысалы, Өндіріс, Кирпичный, Көктал, Лесозавод. Жол жұмыстары барлық тұрғын алаптарда жүргізілетін болады. Біз биыл 21 нысанда жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жүргізіліп жатқан жұмыстар елорданың инженерлік және жол инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Биыл бізге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жақсы көмектесуде», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов. ЖҚЖК бағдарламасы бойынша жол жөндеуге 12 млрд.теңге бөлінді. Жұмыстың басым бөлігі тұрғын үй алаптарында жүргізілетін болады. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

 

 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі