Нұр – Сұлтан қаласында  жұмыспен қамту мәселелері

Нұр – Сұлтан қаласының жұмыспен қамту Орталығына жыл басынан бері 7000-ға жуық азамат өтініш білдірді. 3600-ден астам тұлға жұмыссыз ретінде тіркелген.

«2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды қарастырады. ЖҚЖК бағдарламасының аясында жұмыспен қамту Орталығы қажетті біліктілігі бар кадрларды іріктеумен айналысады және инфрақұрылымдық жобаларға әңгімелесуге жолдайды. Бұл жерде Нұр – Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы құрылыс, жөндеу, абаттандыру және көгалдандыру саласындағы жұмыстарды ұсынады.

ЖҚЖК жобаларына жұмыспен қамту орталығы арқылы 7627 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. 2020 жылғы 5 маусымдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтудың Жол картасы бойынша — 2410 адам жұмысқа орналастырылды. Қатысушылар — жұмыссыздар. Бағдарламаға қатысу үшін Нұр — Сұлтан қаласының жұмыспен қамту Орталығына жүгіну қажет, сол жерде сізді жұмыссыз тұлға ретінде тіркейді.

Қажетті құжаттар тізбесі: жеке куәлік, еңбек кітапшасы (бар болған жағдайда), білімі туралы құжат (аттестат, куәлік, диплом), бар болған жағдайда оқудан өткенін растайтын құжаттар (куәлік, сертификат).

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында келесі бағыттар жүзеге асырылады: кәсіптік оқыту, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант беру, шағын несиелеу бойынша кеңес беру.

Ағымдағы жылдың 5 маусымындағы жағдай бойынша, 209 адам жастар тәжірибесінен өтуде, қоғамдық жұмыстарға 1080 адам жұмысқа орналастырылды, әлеуметтік жұмыс орнына 70 адам жолданды. Мемлекеттік  64 грант берілді.2019 жылы 1137 адам кәсіптік оқуды аяқтады. 2020 жылы кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша ұйымдастырылатын болады, оқудың жоспарланған басталу мерзімі маусым айының соңы.

Ағымдағы жылдың басынан бері Халықты жұмыспен қамту орталығына шағын несиелеу бойынша кеңес алуға 65 адам өтініш білдірді. Оның ішінде 39 өтініш берушіге түсініктеме беріліп, 26-сы бойынша екінші деңгейлі банктерге шағын несие беруге жолдама берілді. Кәсіптік оқыту жұмыс берушілер мәлімдеген біліктіліктер мен дағдылар бойынша жүзеге асырылады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту топтардың жинақталуына қарай жүзеге асырылады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік ерекшеліктері мен дағдыларына байланысты    6 айдан аспайды. Бүгінгі таңда 17 мамандық бекітілді: аспаз, наубайшы, кондитер, тігінші, тігінші-шебер,шаштараз шебері, бақылаушы кассир, анимация және видеографика, тәрбиешінің көмекшісі, жиһаз жинаушы, ағаш сырлау цехының шебері, арматуршы, монтажшы, газ жабдығын пайдалану және жөндеу слесарі, газ электр дәнекерлеуші, электрослесарь, жартылай автоматты машинада электр дәнекерлеуші.

Бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар өз ісін ашуды жоспарлап отырған бағдарламаға қатысушыларға тегін және қайтарымсыз негізде 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде беріледі. Қатысушылар – «Еңбек» бағдарламасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтаған жұмыссыздар, кәсіпкерлер мен «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен, ҚР Салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеген тұлғалар. Грант алу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, кеңес алып, барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш беру қажет.

Жастар тәжірибесі алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға арналған. Ұзақтығы 6 айдан аспайды. Қатысушылар — оқуды диплом алған күннен бастап 3 жылдан кеш емес аяқтағандар және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ 29 жастан аспаған жұмыссыздар. Еңбекақы мөлшері  89 570 тг. (қолына 76 701 теңге). Қоғамдық жұмыстар алдын ала кәсіби даярлықты талап етпейтін еңбек қызметі. Ұзақтығы 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін.Еңбекақы мөлшері 85 000 тенге (қолына 73 100 теңге).Әлеуметтік жұмыс орындары жалақыны субсидиялау арқылы жұмыссыздарға арналған жұмыс орындары. Еңбекақы мөлшері 50 мың теңгеден бастап 370 мың теңгеге дейін.ӘЖО жұмыссыздар үшін, олардың ішінде басымдық аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мүшелеріне, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға, сондай-ақ «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңның 20-бабы 2-тармағының 1) — 9) тармақшаларында аталған адамдарға құрылады.

ЖТ, ҚЖ, ӘЖО ұйымдастыруға жұмыс берушілер де қатыса алады, қаржыландыру лимитін негізге ала отырып, жыл сайын 1 қарашаға дейінгі мерзімде Орталық жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары ұйымдастырылатын жұмыс берушілерден алдағы қаржы жылына өтінімдер жинауды жүзеге асырады.

Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын тұлғаға немесе отбасына беріледі. Бүгінгі күні, 2020 жылдың маусым айның 5 –не қарағандағы жағдай бойынша АӘК алушылар саны 3461 адам.

Жұмысынан айрылу жағдайына байланысты төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) қаражаты есебінен жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған. Төлем мерзімі әлеуметтік жарналарды төлеу мерзіміне байланысты 1-6 ай аралығында. Төлемді алу үшін Нұр – Сұлтан қаласының ХЖҚО жүгініп, кеңес алғаннан кейін жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Содан кейін жәрдемақыларды тағайындау және төлеу үшін барлық мәліметтер МӘСҚ-на қайта жолданады.