Нұр-Сұлтан қаласының 2019-2020 жылдарға жылу маусымы қорытындыланды
Елорда тұрғындарының үйлеріне жылу беру 21 сәуірде тоқтатылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Нұр – Сұлтан қаласында жылыту маусымы 2019 жылдың 30 қыркүйегінде басталып, 2020 жылдың 21 сәуіріне дейін созылып, 205 күнді құрады. Жылыту маусымын аяқтау ертеңге жоспарланған», – деді Нұр-Сұлтан қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ернат Базил бүгін брифингте. Оның айтуынша, есепті кезеңде энергия көздерінде, жылу және электр желілерінде авариялық ажыратулар мен бірінші дәрежелі істен шығулар тіркелген жоқ. Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында жылыту маусымына дайындық және оны өткізу ережелеріне сәйкес, ауаның орташа температурасы бес тәулік бойы 10°C және одан жоғары болса, жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылданады. «Астана-Энергия» АҚ бойынша жылыту маусымы кезеңінде 2 234 млн. кВт сағат электр энергиясы және 6 122 мың Гкал жылу энергиясы өндірілді. Қаланың энергия көздерінде 2 767 мың тонна көмір (37 437 вагон), 5 226 мың тонна мазут (87 цистерна) жұмсалды. Жылу беру маусымын өткізу кезеңінде жылу энергиясының ең жоғарғы босатылуы 2020 жылдың 29 қаңтарында тіркеліп, 2 168 Гкал/сағатты құрады. Электр жүктемесінің максимумы 2019 жылдың 21 қарашасында тіркелді және 676 МВт/сағатты құрады. ЖЭО-2 көзіндегі шиналардан босату 303 МВт/сағатты құрады, айырманы өтеу үшін (373 МВт/сағат) сыртқы көздерден электр энериясы сатып алынды», – деді Е.Базил. Сонымен қатар, ол «Астана-ӨЭК» АҚ бойынша жылу беру маусымында электр энергиясын желілер арқылы тасымалдау көлемі – 2 163 млн. кВт сағатты құрағанын атап өтті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1%-ға аз екенін атап өтті. Өткен жылыту маусымында «Астана-Теплотранзит» АҚ 5 527 мың Гкал көлемінде жылу энергиясын беруді және таратуды қамтамасыз етті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға төмен.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі