Нұр-Сұлтанда азық-түлік өнімдерін үстеме бағасыз сатып жатқан нысандар саны кеңейді
Елордада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үстеме бағасыз сатып жатқан нысандар саны кеңейді. Шапағат базары, Кенмарт, Магнум супермаркеттері және тағы басқалары картоп, пияз, сәбіз және қырыққабатты өзіндік құны бойынша сатып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу, қаладағы карантин және төтенше жағдай режимі кезінде санитарлық нормаларды сақтау бойынша шаралар кешенін қабылдады. Елордада тұрақтандыру қоры құрылды. Сауда желілерін жеңілдікпен несиелендіру бойынша жұмыстар жүргізілді. «Айналым схемасы» жобасына «Magnum», «Астықжан», «Кенмарт», «Small», «Шапағат», «Евразия», «Артем», «Биг Шанхай» сияқты сауда орындары қатысады. Елде мынадай тауарларға шекті бағалар белгіленді: бірінші сортты бидай ұны, бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді), рожки (өлшеніп салынатын), қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын), тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын), сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық жұмыртқасы (I санатты), күнбағыс майы, ас тұзы («экстра»-дан басқа). Супермаркеттерде, дүкендерде сатып алушылар арасындағы арақашықтық 1 метрден кем емес болуы қажет екендігі туралы жазылған табло орнатылды, арақашықтықты сақтауға көмектесетін белгілер қойылды.Кіреберісте санитайзерлер орнатылды. Барлық азық-түлік сататын нысандар санитарлық нормаларды күшейтті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және санитарлық нормаларды сақтау бойынша прокуратура мен монополияға қарсы органдардың қызметкерлері бірлесіп рейдтер жүргізіп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі