Нұр-Сұлтанда бала психологиясына арналған кітаптардың тұсаукесері өтті
Елордада «Денсаулық және өмірлік дағдылар» сериясындағы балалар мен жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын нығайту мен дамытуға бағытталған кітаптар таныстырылды. Шара аясында Bilim Foundation қоғамдық қоры Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасына мектептерге арналған 172 кітап жиынтығын тапсырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Кітаптар тақырыбы есеюдің ең өзекті мәселелерін және осы жолда кездесетін ата-аналардың ажырасуы, эмоциялық мәселелер, көшу, мектептің ауысуы және бейімделу, қорқыныш, үрей, депрессия сияқты тақырыптарды қамтиды. «Бұл кітаптар өзінің ішкі әлемін түсінуге және қоршаған ортамен байланыс жасауға үйрететін шынайы оқиға кейіпкерлерімен, әрі қызықты сюжеттермен ерекшеленеді. Әрбір кітапта мәселенің пайда болу механизмдері мен оны жеңу үшін қажетті қарапайым әрекеттерді қолжетімді тілмен түсіндіретін стратегиялар бар. Қазақ және орыс тілдеріне аударылып, қазіргі таңда қолдануға беріліп, екі тілде де бейнеролик дайындалды», — деді Bilim Foundation қоғамдық қорының басқарушы директоры Берік Рақышев. Аталған жиынтық ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық ғылыми-практикалық психикалық денсаулық орталығымен мақұлданды. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шолпан Қадырова ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, елордадағы балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын арттыруға және ата-аналар мен мұғалімдерге баламен жұмысты дұрыс ұйымдастыруға үлкен ықпал ететінін айтып өтті. Шара соңында екі тарап кітаптар жиынтығын 88 мектепке тарату бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.