Нұр-Сұлтанда бірқатар ауруханада жоспарлы емдеу қайта жалғасады
Нұр-Сұлтанда бірқатар медицина мекемелері жоспарлы түрде емдеуге қайта кірісті. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Үкімет отырысында мәлімдеді. Қабылданған карантин шаралары мен емханаларда амбулаториялық емдеуді күшейту медицина мекемелері мен қызметкерлеріне жүктемені айтарлықтай азайтты. Осылайша, жоспарлы емдеу №1 және №2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасында, №2 қалалық көпсалалы ауруханада қайта жанданды. 3 тамыздан бастап қаладағы емханалар да жоспарлы емдеуді жалғастырады. Сонымен қатар, бір күн бұрын қалалық психикалық денсаулық орталығындағы жұқпалы аурулар стационарынан КВИ-мен ауыратын соңғы науқас емделіп шықты. Мұқият дезинфекциядан кейін ПДО бұрынғы профиліне сәйкес жұмысын қайта бастайды. Осылайша, 5 шілдеден бастап жүргізілген карантин шаралары мен амбулаториялық емдеуді күшейту нәтижесінде пневмониямен ауруханаларға түскен науқастар саны екі есе – 1348-ден 633-ке азайды. Жедел жәрдем станциясына қоңыраулар саны 3 есе азайды – 3 мыңнан күніне 1100-ге дейін. Оның ішінде КВИ бойынша – күніне 500-ден 89-ға дейін. КВИ-ден емделіп шыққан науқастар саны 70% – 10 320 науқастың 7 260-і емделіп шықты. Төсек-орын қорына жүктеме деңгейі 99%-дан 38%-ға дейін төмендеді. Covid-19-дың төмендеу динамикасын сақтау үшін барлық азаматтар қатаң санитария нормаларын: маска тағып, қашықтық сақтау қажет.