Нұр-Сұлтанда «Business Lady Qazaqstan» байқауының гала-финалы өтті
Байқауға Қазақстанның әр өңірінен 10 кәсіпкер әйел қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен еліміздің үздік кәсіпкер әйелдерінің қатысуымен жыл сайынғы «Business Lady Qazaqstan» байқауының гала-финалы өтті.
Қазақстанның әр өңірінен 10 кәсіпкер әйел қатысты. Олардың ішінде: Көкшетау, Сәтпаев, Арыс, Алматы, Қостанай және Нұр-Сұлтан қалаларының кәсіпкер әйелдері бар. Гала-финалға дайындық барысында қатысушыларды еліміздің үздік имиджмейкерлері мен стилистері сәндеді, сондай-ақ тақырыптық шеберлік сыныптары өткізілді.
Байқаудың финалистерін қазылар алқасы бағалады. Олар: қазылар алқасының төрайымы, Парламент Мәжілісінің Депутаты — Меруерт Қазбекова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі− Салтанат Тұрсынбекова, Олимпиада чемпионы− Бақтияр Артаев, Қазақстан Республикасы грепплинг қауымдастығының президенті − Қанат Алин, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры − Ақерке Жұманбаева.
Байқау үш негізгі кезеңнен тұрды: өз жобасы туралы бейне-баян, эрудиция және шығармашылық нөмір.
«Байқаудың негізгі мақсаты кәсіпкерлікте, кәсіпте, қоғамдық өмірде, саясатта және шығармашылықта өзін табысты іске асыратын әйелдің бейнесін қалыптастыру, сондай-ақ қоғамда іскерлік қасиеттер мен шығармашылық қабілеттерді жан-жақты дамыту арқылы қоғамда тануға қол жеткізу – «әйел жетістігінің» жаңа бейнесін жасау», — делінген хабарламада.
Байқау соңында әр түрлі номинациялар мен «Business Lady Qazaqstan» гранд-при финалистері марапатталды, сондай-ақ демеушілер атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.
Аталған іс-шара «Еңбек — ел мұраты» арнайы жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің қатысуымен, қоғам мен мемлекеттің дамуына үлес қосатын кәсіпкерлік саласын, шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында ұйымдастырылды.