Нұр-Сұлтанда карантин режимін сақтау бойынша рейдтер өткізілуде
Елордада карантин режимін сақтау бойынша рейдтер жалғасуда, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты. Қалалық еріктілер штабы полиция және СЭС мамандарымен бірлесіп кезекті рейд кезінде карантин режимін бұзып, келушілерге кальян ұсынған бірнеше мекемені анықтады. Аталған орындарға әкімшілік жауапкершілік жүктеледі. «Бұған дейін мекемелерге кальянға тыйым салынғаны туралы ескертілген. Бірақ бұзушылықтар бар, бұл инфекция қаупін тудырады. Біз санитарлық дәрігерлермен және полициямен бірге рейдтерге шығамыз», – дейді ерікті Ақұлан Тастемір. Санитарлық нормалар сақталмаған жағдайда кәсіпорындар жабылады. Елордада карантин режимі сақталуда. Азаматтар қатаң санитария нормаларын сақтауы керек: маска тағу, антисептик қолдану және әлеуметтік қашықтық сақтау маңызды.