Нұр-Сұлтанда нөсер кәріздері мен тазарту құрылғыларының құрылысы жүруде
Алтай Көлгінов бірқатар нөсер кәріздері мен тазарту құрылғыларының құрылысымен танысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. «Жастар» шағын ауданындағы жаңа құрылыстардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Бұл нөсерлік су канализациясының өткізу қабілетін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді, деп жазды өзінің «Инстаграм» парақшасында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов. Тазарту құрылғылары Ташенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев және Республика даңғылдарын жаңбыр суы басудан қауіпсіздендіреді. Жұмыстарды аяқтау мерзімі – 2021 жыл. «Ташенов көшесіндегі ұзындығы 530 метрді құрайтын нөсерлі коллектор желілерін тазарттық. 34 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Осы уақытта дейін жиналып қалған қоқыс коллектор жұмысын қиындатты. Биыл күзде Б.Момышұлы даңғылындағы (Дауылпаз көшесінен Елім-ай көшесіне дейін) проблемалық учаскесінде нөсерлі кәріз магистралды коллекторының құрылысын аяқтаймыз», – деді Алтай Көлгінов. Осы жылдың аяғына дейін Тельман елді-мекеніндегі тазарту құрылғылары мен магистралды коллектор құрылысы аяқталады. Қуаты тәулігіне 36 мың текше метрден асады. Жобаны іске асыру Тельман елді-мекені мен № 27 көше бойындағы құрылыс аймағынан жер үсті ағындарын бұруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жұмыс істеп тұрған коллекторларды тазарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 354 км-дің 134 км-і тазарту жұмыстарын қажет етеді. 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы аумағында екі учаскедегі нөсерлік су кәрізінің мәселесі шешілді.