Нұр-Сұлтанда Құрбан айт мерекесі кезінде 5 мыңға жуық мұқтаж отбасыға құрбандық еті таратылды
Қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етілді және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің барлық шаралары сақталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Нұр-Сұлтан қалалық Дін істері басқармасының хабарлауынша, Құрбан айт мерекесі кезінде 500 ерікті және 200 авто-еріктілердің көмегімен 5000-ға жуық отбасы құрбан етімен қамтылды. Құрбандық етін тарату барысында қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелерін тодықтай сақталды. Қоғамдық қауіпсіздікті және адамдардың көп мөлшерде жиналмауын қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында орналасқан дәстүрлі құрбан шалу орындары (базарлар, шаруа қожалықтары) жабық болды. Осы орайда, алғаш рет қашықтан құрбан шалуды ұйымдастыру мақсатында «qurban2020.kz» сайты іске қосылды. Құрбандыққа сойылған ет түгелдей әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларына үлестірілді. Биыл Құрбан айт мерекесі 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өтті.