Нұр-Сұлтанда «Жасыл Ел» еңбек жасағы аясында 120-дан астам адам «жасыл белдеуде» жұмысқа орналастырылды
Олар қаланың жасыл белдеуіндегі ағаштарға күтім жасайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 1 маусымнан бастап «Астана Орманы» ЖШС 120-дан астам адамды жұмыспен қамтыды, деп хабарлады «Жасыл Ел» қалалық штабы. Нұр-Сұлтанның жасыл белдеуі – Қазақстан астанасының айналасында жаппай орман өсіру жобасы. «Астана Орманы» ЖШС-де жастар қала маңындағы жасыл белдеуде (оның 11 502,2 гектарына екпе ағаштар отырғызылған) және қала аумағында еңбек етуде. Олар 275 350 дана тал мен көшеттерді – сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, қарағай, көде, боз жиде, терек ағаштары мен көшеттерді қопсыту және суарумен айналысады. Бұл ағаштарға күтім жасау арқылы жастар табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына өз үлестерін қосып келеді. «Астана Орманы» ЖШС мекемесінде жастар 90 мың тенге жалақыға қоса «Жасыл ел» жобасынан арнайы бөлінген 35 394 тенге сыйақыға ие болып, өз еңбектерін жалғастыруда», – деді қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібек. Қазіргі уақытта «Жасыл ел» жобасы аясында үш санаттағы жастар жұмыс жасайды. Атап айтқанда, 14 пен 17 жас аралығындағы көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары, 17 мен 22 жас аралығындағы студенттер және 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар қамтылған. «Жасыл ел» жобасы аясында бірінші жарты жылдықта жалпы 1087 адам жұмысқа орналастырылды.