Нұр-Сұлтанда жұмыспен қамтудың жол картасы аясында ең қажетті мамандықтар белгілі болды
Жалақы 85 мыңнан 250 мың теңгеге дейін, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты. Пандемия кезінде мемлекет пен әкімдік халық арасында жұмыссыздықтың алдын алу үшін белсенді шаралар қабылдауда. Мәселелерді шешуде тиімді бағдарламалардың бірі – Жұмыспен қамтудың жол картасы. Халықты жұмыспен қамту орталығының Мониторинг және еңбек ресурстарын болжау бөлімінің басшысы Индира Шаймарданова брифинг барысында атап өткендей, қазіргі уақытта қол еңбегіне сұраныс жоғары. «Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша ең қажет мамандар дәнекерлеуші, ағаш ұстасы, мұнара кранының жүргізушісі, сылақшы, арматуршы, ағаш шебері, бетоншы, сантехник, механизатор, В, С, D, E санатындағы жүргізушілер, қосалқы жұмысшылар, бағбаншы, жол салушы жұмысшылар, монтажшылар және электриктер», – деді И. Шаймарданова. Оның айтуынша, бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақысы біліктілік деңгейіне байланысты 85-тен 250 мың теңгеге дейін. Қазір 132 жобаның 95-і іске қосылды, кәсіпорындармен 101 хаттамаға қол қойылды. «Біздің жұмысшылар жол салу, алаңдарды қайта құру, ғимараттарды, ауруханаларды, мектептерді, балабақшаларды күрделі және ағымдағы жөндеу, балалар алаңдарын қайта құру жұмыстарын жүргізуде», – деді И. Шаймарданова. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту орталықтары арқылы 3350 адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 2020 жылы 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. 50% немесе 7628 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылады. Сондай-ақ мамандар мердігерлермен электронды еңбек келісімшарттарын уақытылы толтыруды жүзеге асырады. 22 маусымда Жұмыспен қамту орталығы онлайн режимде жұмыс істеуге көшкендіктен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы жұмыс тапқысы келетіндер орталықтың Call-орталығына 57-88-88 телефоны арқылы хабарласуы керек. Сондай-ақ Мониторинг және еңбек ресурстарын болжау бөліміне мына телефондар арқылы хабарласуға болады: 57-88-89, 57-89-37, 24-83-02.