НҰР-СҰЛТАНДЫ МАСАЛАР «ШЕРУІ» ДЕ ТИТЫҚТАТЫП ТҰР
Елордамыз «Нұрсұлтанның» тұрғындары мен қонақтарын арқаның қысы аязымен, жазы масасымен тынышын кетіріп тұр. Қыста аязға бүрсеңдеген ағайын, жазда сары масамен «күресіп» әуре. Сары аяз қыста бетті «қыршып» түссе, сары маса жазда бетті шаққанда көзден жас ыршып түседі. Бір кездері Тұңғыш президент, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының әкімі болған Әсет Исекешевті сасық иіс пен масаға «әлі жетпей» шарасыз күйге түскенде, ми батпағы шыққан, сасық көлшіктің қасына қос тігіп отырғызып қоямын деп қорқытқанын, шенеуніктер ұмытса да, елордалықтар ұмытпаған болар.
«Той десе қу бас домалайтыны» белгілі. Мереке күндері қала қызметі маса-шіркейлерді екі есе қарқынды күшпен улау жұмыстарын жүргізіпті. Әсіресе қала тұрғындары мен қонақтарының ең жиі баратын жерлеріне ерекше назар аударылғаны айтылды да, жазылды да. Бірақ әбден ашынған «шерушілер», кешіріңіздер, біз тұмсық масалар, Елорда күнінде кешкі серуенге шыққан астаналықтар мен шаһар қонақтарына «шабуыл жасап» әбден титықтатыпты. Маса деген жарықтық қарсылық көрсетсе желкелеп отырып автозекке тығатын шеруші емес қой… Әйға да, шәйға да түсінбейтін қансорғыш пәле емес пе? Олардың заңға түкіргені бар. Осылайша маса-шіркейдің кесірінен тойшыл қауым біраз әбігерге түсіпті. Ақырында шеруші масалардың қарсылығына шыдамаған халық әкімдік пен тиісті қызметтерге шағымданған.
Қала басшылығының сөзіне қарағанда, қаладағы қансорғыш жәндіктерді жою жұмысы бір күнге де тоқтамапты. Қанатты қансорғыштардың шектен тыс көбейіп кетуіне ауа райы қатты әсер еткен көрінеді.
Әр аудан бойынша 6-8 шілде аралығында дезинфекциялық іс-шаралар өткізілген. Есіл ауданы бойынша «Жетісу» және «Столичный» саябақтары, Есіл өзенінің жағалауындағы Амфитеатр, Астаналық цирк, «Астана» концерт залы, «Хан-шатыр» СОО аумағы, «Үркер» тұрғын алабының №2 секторы учаскесі, «Үркер» тұрғын алабының №2 учаскесі, «Барыс-Арена» спорт кешені, «Астана Опера», «Астана Балет», ЭКСПО кешенінің жазғы сахнасы, «Happylon MEGA Silk way» және «Happуlon Keruen» орындарында масадан тазарту шаралары жүргізіліпті. Оған 2 энтомолог, 26 дезинфектор, 3 термогенератор бригадасы, 3 автокөлік, 1 микроавтобус, 1 ДУ-1000 техникасы жұмылдырылған.
Масаларға қарсы «майданның» қызғаны соншалық, алдағы уақытта Елорда да масаларды уламаған шенеуніктер жазалануы мүмкін. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Twitter-дегі парақшасында: «Тұрғындар тарапынан масаларды улауға қатысты көптеген шағымдар түсуде. Бұған қатысты аудан әкімдері мен тиісті басқармаға шұғыл түрде шара қабылдауды тапсырдым. Тиісті шараны уақытында қолға алмағандарға тәртіптік шара қолданылады», — деп жазды.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары (қашқын Әблязов халықты шеруге шақырып жатқанда), әлеуметтік желі арқылы қала әкіміне өз шағымдарын жазып жатқан болатын.
Айтпақшы, орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист бас санитар Жандарбек Бекшинге масаға қатысты сұрақ қойды.
«Биыл қалада маса көбейіп кетті. Олармен күрес қалай жүргізіледі, неге көбейіп кетті?» — деді журналист.
Жандарбек Бекшин бұл мәселені ауа райымен байланыстырды.
«Қала күні мерекесі қарсаңында қатты жаңбыр жауды. Бұл масаға қарсы шашқан препараттардың күшін жойды», — деді бас санитар дәрігер.
Ол қаланы масадан тазарту жұмысы қала әкімінің назарында екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қаланы масадан тазарту жұмыстары конкурстық негізде жүргізіледі. Осы орайда бас санитар кәсіпкерлердің жұмысын күн сайын тексере алмайтынын жеткізді.
Сөз соңында Жандарбек Бекшин Нұр-Сұлтандағы масалар ауру таратпайтынын нақтылап, тұрғындардың өрекпіген жүрегін орнына түсірді.
«Біздің қаладағы масалар ауру таратпайды. Олар аллергия реакциясын тудырып, адамның мазасын алады», — деп қысқа қайырды.
Ұзын сөздің қысқасы, масамен күрес жұмыстарына ағымдағы жылдың сәуір-қыркүйек айларына 170 млн теңге бөлініпті. Бұл әрине аз ақша емес.
Шеруші халыққа қосылып, масалардың да «шерулетуі» «Нұр-Сұлтан» қаласына оңайға тимей тұр…шерушілер тарады, кейбіреуіне айыппұл салынды, енді бірі 10 күнге, 15 күнге қамалды. Ал шыбын-шіркей бәз баяғы қалпы. Күнде «шерулетсе де» еріктерінде…
Нағашыбай Қабылбек, Ерғазы Сейтқали