Нұр-Сұлтанның жақсы үйі жазда, «жаман үйі» қыста өртенеді…
9 маусым күні кешке қарай, әлем желілерде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлыбритания кварталында» өрт шығып жатқаны туралы видеолар таралып кетті. Қаладағы таңдаулы тұрғын үй кешендерінің бірі саналатын «Ұлыбритания кварталын» «BIGroup» компаниясы 2016 жылдары салған еді.
Өрт сөндірушілердің күш салуының арқасында, тілсіз жаудың «ауыздықталғанын» теледидардан көрдік. Көңілге медеу болатыны, адам шығыны болмағаны. Бүгін ІІМ ТЖК-і орын алған өрттің неден туындағандығын жариялады. Таратылған ақпаратқа қарағанда «тұрғын үйдің төбесінде пайда болған өртке, шатырда жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «BI Servis» ЖШС жұмыскерлердің өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандығы себеп болған» көрінеді. «Адамдардың құнтсыздығынан туындаған өрттің салдарынан тұрғын үйдің шатыры және төрт пәтері жанып кеткен. Шарпыған көлемі 600 шаршы метр» дейді ресми мекеменің «хабаршысы». Бұл тұрғын үй кешені Елордадағы қымбат үйлердің қатарына кіреді.
Нұр-Сұлтан қаласында халық санының артуына байланысты, оқыс оқиғалар жиі болып тұрады. Солардың бірі «тілсіз жау» саналатын-өрт апаты. ҚР Ішкі істер министрлігінің таратқан мәліметіне қарағанда, 2018 жылы Нұр-Сұлтанда 699 өрт оқиғасы туылып, салдарынан 10 адам қайтыс болған екен. Ал, 2019 жылы 4 ақпан күні түнде Сары-арқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабындағы жер үйден шыққан өрт 5 бүлдіршіннің өмірін жалмап кеткені есімізде. Бұл қайғылы оқиғаның сызы Қазақстандықтардың жүрегінен әлі де өшкен жоқ…
Мамандардың сөзіне сенсек, Нұр-Сұлтанда тұтанатын өрттердің ішінде, жер үйлерден шығатын өрттің саны, көпқабатты тұрғын үйлерге қарағанда әлдеқайда көп екен. Мұның басты себептерінің бірі — Елордадағы жер үйлерде қыс бойы көмір жағылатындығымен байланысты болса, екінші себеп — ескі үйлердегі электр сымдарының тозуы дейді ТЖК мамандары.
Ерғазы Сейтқали