НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ «GLOBAL TEXTILE GROUP» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Global Textile Group» компаниялар тобының жетекшісі Музаффар Разаковпен кездесіп, мақта кластерін дамытуға бағытталған жобаның жүзеге асу барысын талқылады.
Өзбекстанның мақта-тоқыма кластерімен айналысатын ірі компанияларының бірі «Global textile» Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тоқыма фабрикасы мен логистикалық орталық ашу бойынша жұмыс жүргізуде. Шетелдік компания 2000-нан астам тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын 5 ірі кәсіпорынды іске қосады. Жоба құны – 21 млрд.теңге.
«Global textile Turkistan» жобасы аясында логистикалық орталық, мақта өңдеу зауыты, тоқыма фабрикасы, бояу, иіру цехтары мен тігін фабрикалары іске қосылады. Жылдық қуаттылығы 13,8 мың тоннаны құрайтын мақта өңдеу фабрикасы салынады. Дайын өніммен ішкі нарықты қамтып, Еуропа мемлекеттеріне экспорттау көзделген. Өндірісте Швейцария елінің технологиясы қолданылады.
Фабрикаға қажетті инфроқұрылымдармен қамту үшін жол карта әзірленген. Облыс әкімі бірлескен жобалардың жоспарға сәйкес жүзеге асырылатынын, оның барысында әкімшілік тараптан жан-жақты қолдаудың жалғасатынын жеткізді.
Компания 2024 жылы «Наманган-77» тұқымдық шитін алып келді. Шаруалар тарапынан 3,2 мың гектар егістік алқабына мақта егіліп, мол өнімге қол жеткізілді. Сонымен қатар мақта дақылын қабылдау үшін жылдық қуаттылығы 10 мың тонна мақта қабылдау бекетінің құрылысын аяқтады.
Жергілікті шаруалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарылуда. Өзбекстаннан арнайы агроном мамандары егу, жинау маусымында диқандармен тәжірибе алмасуда. Жоспарға сәйкес 2027 жылы тоқыма фабрикасы іске қосылады.
«Global textile» компаниясы – мақтадан иірілген жіп, мата және киім тігуге дейінгі кластерді толығымен қамтитын өндіріс алыбы. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент пен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорнында барлығы 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі