Нұрдәулет Қилыбай Тұщықұдық және Шебір ауылдарының жай-күйімен танысты
Бүгін, 4 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Маңғыстау ауданына қарасты Тұщықұдық және Шебір ауылдарына барып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.
2138 тұрғыны бар Тұщықұдық ауылында жұмыссыздық деңгейі 2%-ды құрайды. Ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымына дәрігерлік амбулатория, мектеп, балабақша, мәдениет үйі, сондай-ақ 11 кәсіпкерлік және 34 шаруақожалығы кіреді.
Облыс әкімі алдымен «Дария» су орталығында болып, Көңдіқұдық су құбырының жұмысымен танысты. Бұл су құбыры Астрахань-Маңғышлақ бағытындағы «Қиғаш» жүйесінен алынатын суды фильтрден өткізіп, таза ауыз су ретінде тұрғындарға жеткізеді. Бүгінде ауылда қосымша 15,7 шақырым су құбыры салынып жатыр. Жаңа су құбырының іске қосылуы ауыл халқына берілетін су көлемінің тағы да 250 текше метрге дейін ұлғаюына мүмкіндік береді. Жоба жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Осыдан кейін өңір басшысы 446 оқушы білім алатын С.Жаңғабылов атындағы мектепке барды. Мұнда 76 педагог еңбек етеді. Іргетасы 1979 жылы қаланған ғимарат бүгінде жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Нұрдәулет Қилыбай бірінші кезекте білім беру және денсаулық сақтау салаларына қажетті жағдай жасау керектігін айтты.
⁃ Ұлт болашағы білімді ұрпақ және денсаулығы мықты қоғам. Бұл екі салада үзіліс немесе үнемшілік болмау қажет. Сондықтан мектептер мен денсаулық сақтау нысандардың жағдайы әрдайым бақылауда болу керек, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сондай-ақ, жұмыс тобы мектеп аумағындағы спортзалдың жағдайын да қарады. Аудан әкімінің бастамасымен білім беру нысаны теңгерімінен алынып облыстық спорт басқармасына беру жағдайы қаралуда. 2013 жылы бой көтерген ғимаратқа бүгінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Әрі қарай Нұрдәулет Қилыбай 1357 тұрғыны бар Шебір ауылына ат басын бұрды. Онда өңір басшысы жергілікті спорт кешенінің жай-күйімен танысты. Сыйымдылығы 90 адамға арналған бұл кешенге 2015 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жергілікті тұрғындар жастарды спортқа баулу үшін кешенді қалпына келтіру қажет екенін айтты.
Облыс әкімі Шебір ауылындағы «Қазпошта» ғимаратына да барды. Ауыл әкімі пошта бөлімшесін ағымдағы жөндеуден өткізіп, ғимараттың бір бөлігіне ардагерлер бөлімшесін ашу туралы жоспарымен бөлісті. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға көтерілген мәселелерді қолға алып, шешуді тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі