Нұрлан Ноғаев: Мектепке үштілділік белсенді түрде енгізілуі керек

14 маусымда Атырау облысында «Нұр Отан» партиясы филиалының саяси кеңес бюросының кеңейтілген мәжілісі өтті, күн тәртібінде барлық мектептерге үштілділік жүйесін енгізу, білім беру мекемелерін цифрлық технологияға көшіру тақырыптары қойылды. Қазір аймақта coworking-орталықтар мен ағылшын тілін оқытатын үйірмелер қарқынды түрде ашылып жатыр. 


Мәжіліске төрағалық еткен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев саяси кеңес мүшелеріне оқушыларға ағылшын тілін оқыту бойынша мемлекеттік бағдарламаны табысты жүзеге асыру үшін жоспар жасақтауды ұсынды.

-Бүгінде ағылшын тілі халықаралық байланыс тіліне айналды, экономикасы дамыған елдердің тұрғындары мен көшбасшылары сол тілде сөйлейді. Қазақстан әлемдік тәжірибеден қалыс қалмай, заманға сай дамуы керек, ағылшын тілін үйрену балалық шақтан басталғаны дұрыс. Осы мақсатта аймақтағы мектептерге үштілді оқыту жүйесін енгізіп жатырмыз. Қазақстанның өскелең ұрпағына сапалы білім беру үшін ағылшын тілін педагогтар да оқулары керек. Мемлекет басшысы айтқандай, балаларды ағылшын тіліне қазір оқытпасақ, болашақта толыққанды кадр дайындауды жүзеге асыра алмаймыз. Бұл мәселе барлық жауапты адамдардың бақылауында болуы тиіс, — деді Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен аймақта coworking-орталықтар ашылып жатыр, онда балалар ағылшын тілі мен жаңа цифрлық технологиялар бойынша білім алады. ІТ – орталық Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында ашылды, онда жалпы білім беретін мектептердің мамандары оқытылады.

Аймақ басшысы «Нұр Отан» партиясы саяси кеңес бюросының мүшелерімен бірге жаңа орталыққа барып, жұмысымен танысты және нақты тапсырмалар берді.

ІТ саласында маман дайындау ісін «Білім — инновация» лицейі де кең көлемде жүргізіп жатыр, оның түлектері әлемдегі алдыңғы қатарлы оқу орындарына түсуде.
Саяси кеңес мүшелері Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжіне де барып, ІТ-сыныптарды қарады. Бұл колледжде негізгі партиялық жобалар жоғары деңгейде ұйымдастырылған, ағылшын тілін үйренушілерге арналған пікірталас клубы ашылды, оқу құралдары мен электронды кітапхана қолжетімді, ағылшын тілін оқыту сыныбы бар.

-Алдағы үш жылда «Нұр Отан» мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, ҮЕҰ өкілдерімен, бизнес
құрылыммен бірлесіп еліміз бойынша программалау мен роботтехника негіздерін оқытатын 1000 тегін ІТ сынып ашуды жоспарлап отыр. Бұл жылына 8 бен 16 жас аралығындағы 150 мың баланың білім алуына мүмкіндік береді. Атырау облысында осындай сыныптар ашылған 10 мектеп бар, -дейді «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев.

Бұл оқушыларға қарапайым алгоритм құру, бағдарламалар мен WEB-сайттарды еуропалық білім беру стандарттарына сай жасауға мүмкіндік береді. Болашақта технопарктер ашу да жоспарда бар, сол арқылы алдыңғы қатарлы цифрлық дағдылар мен білімге қолжетімділік мәселесі шешім табады.

                                                            Атырау облысы Өңірлік коммуникация қызметі