Нұрлан Нығматулин: Мәжілістегі жұмыс өмірімдегі маңызды және жауапты кезең болды

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан Республикасының  Парламент  Мәжілісінің Төрағасы  Нұрлан Нығматулинді қызметінен өз еркімен босату туралы мәселені қарады.

Осыған байланысты Мәжіліс Төрағасы  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аса маңызды міндеттер жүктегенін алға тарта келіп,  ол мақсаттарға жету үшін кадр саласын жаңарту керек екеніне тоқталды.

Отырыс барысында ҚР Конституциясының 58-бабы 2-тармағына сәйкес, Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин Қазақстан Республикасының  Парламент Мәжілісі Төрағасының қызметінен өз еркімен босату туралы қаулының жобасын дауысқа қойып, ол бірауыздан қабылданды. Маңызды шешім қабылдағанын алға тартқан Нұрлан Нығматулин өз сөзінде:

– Биыл Мәжіліс спикері болғаныма 10 жыл толып отыр. Үш шақырылым төраға болдым. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Осы уақыттың ішінде, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласып, елімізге, халқымызға қажетті, сапалы заңдар қабылдау жолында бірлесіп, аянбай еңбек еттік. Бұл жолда, ең алдымен, Елбасымыз, «Nur Otan» партиясының негізін қалаушы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, қазіргі Мемлекет Басшысы,  партиямыздың Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа маған осы жылдарда бірнеше лауазымды қызметті сеніммен тапсырып, әрқашанда қолдау көрсеткені үшін, шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді.

Одан әрі Нұрлан Нығматулин үш шақырылым бірге жұмыс істеген барлық депутаттарға  осы жылдар ішінде қолдап, сенім білдірген сайлаушыларға,  Мәжілістің    заң шығару жұмысын жоғары деңгейде  қамтамасыз еткен аппарат қызметкерлеріне, барлық қоғамдық  ұйым өкілдеріне, Мәжіліске кірмеген саяси партияларға,  Мәжіліс жұмысын насихаттаған  журналистерге, сарапшыларға  алғыс білдірді.

 

aikyn.kz