«НұрОтан» қанша съезд өткізді?
Биыл еліміздегі үлкен саяси күшке иә «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толады. Екі он жылдық ішінде Елбасы басқаратын партия елдің болашағына бағытталған көптеген бағдарламаларды жүзеге асырды. Осы маңызды құжаттардың барлығы партияның Съездерінде қабылданатыны бәрімізге мәлім. Енді осы жиырма жылдың ішінде «Нұр Отан» партиясы қанша съезд өткізді? деген сұрақ туындайды. Ол үшін партия тарихына үңіліп, білгенімізді бұл жазбада жазуға тырысып көрдік.
«Нұр Отан» партиясының, ол кезде «Отан» республикалық саяси партиясының І съезі 1999 жылдың 1 наурызында Алматыда ашылды. Оған еліміздің барлық облыстарынан, қалалары мен аудандарынан 400-ге жуық делегат қатысты. Олардың ішінде 17 ұлт өкілдері, 104 кәсіпкер, 67 бюджеттік сала қызметкерлері, 122 мемлекеттік қызметші болды. Съезд барысында Президенті Н.Ә.Назарбаев бірауыздан партия Төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ, Саяси кеңес, Орталық бақылау-тексеру комиссиясының құрамы бекітіліп, партия Жарғысы қабылданды. Сонымен қатар, съезде «Отан» республикалық саяси партиясының, Қазақстан халықтар бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясымен, Қазақстанның либералдық қозғалысы, «Қазақстан — 2030» қозғалысымен бірігуі туралы қарарды қабылдады.
Осы кезден бастап 1 наурыз күні ресми түрде «партия күні» болып саналады.
Сол жылы парламенттік сайлау қарсаңында «Отан» партиясының II кезектен тыс съезі шақырылды, онда делегаттар партияның сайлауалды тұғырнамасын қабылдады және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау үшін кандидаттарды партиялық тізімге ұсынды.
2001 жылғы 20 сәуірде өткен «Отан» партиясының III съезінде партияның бағдарламасы мен жарғысының түпкілікті нұсқасы қабылданды, партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясы сайланды.
2002 жылғы 9 қарашада Алматы қаласында «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IV съезінде «Отан» РСП-на Қазақстанның халықтық-кооперативтік партиясы мен Республикалық еңбек саяси партиясының қосылуы туралы шешім қабылданды.
Партияның V кезектен тыс съезі 2003 жылдың 12 шілдесінде өтті. Съезде мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынылды, Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының құрамы өзгертілді. Мәслихаттарға кезекті сайлау қорытындылары бойынша 2003 жылғы 20 қыркүйекте барлық деңгейдегі мәслихаттарға «Отан» партиясының 2240 мүшесі сайланды, бұл барлық депутаттық корпустың 67,4%-на жуығын құрап, «Отан» еліміздің ең көп мүшесі бар партияға айналды.
2004 жылғы 12 наурызда «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс VI съезі өтті, онда «Қазақстан — 2030» Стратегиясына және елдің экономикалық өсу идеологиясына негізделген партияның сайлауалды тұғырнамасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. VI съездің негізгі бастамасы «Отанның» саяси жаңғыруы болды. Бұл съезде партия Төрағасы болып ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев қайта сайланды. Осы кезеңде партияның филиалдарын көптеген өңірлердің әкімдері басқарды, бұл филиалдарға елеулі саяси салмақ берді.
2004 жылдың маусым айында партияның кезектен тыс VII съезінде «Қазақстан жолы» атты партияның сайлауалды тұғырнамасы қабылданды.
2005 жылғы 9 қыркүйекте «Отан» партиясының VIII съезі өтті. Съезде «Отан» республикалық саяси партиясы алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенттігіне Н.Ә.Назарбаевты кандидат ретінде ұсынды. 2005 жылғы желтоқсандағы президенттік сайлауда «Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев сайлаушылардың 91 %-дан астам дауысын жинап, екінші мерзімге қайта сайланды.
2006 жылғы 4 шілдеде Астанада «Отан» Республикалық саяси партиясының кезектен тыс IX съезі өтіп, «Асар» партиясының, ал, 2006 жылғы 22 желтоқсанда өткен кезектен тыс Х-съезде Азаматтық және Аграрлық партиялардың «Отан» РСП қатарына қосылуы туралы шешім қабылданды. Партияның Х съезінде көпшілік дауыспен Қазақстанның жетекші саяси күшін атауын «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы етіп өзгерту туралы шешім қабылданды.
2007 жылғы 4 шілдеде өткен «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс XI съезінде партия бағдарламасы қабылданып, партия Жарғысына өзгерістер енгізілді және «Нұр Отан» партиясынан Мәжіліс депутаттығына 126 кандидат тізімі бекітілді. Сондай-ақ, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Мемлекет басшысы «партия төрағасы» қызметін қоса атқару құқығына ие болды.
2009 жылғы 15 мамырда партияның XII съезі өтті. Онда партия-ның 10 жылдағы жұмысының қорытындысы шығарылды және оның қазіргі жағдайда одан әрі даму перспективалары анықталды. Съезге тек Қазақстаннан ғана емес, жақын және алыс шетелдерден 600-ден астам делегат қатысты. Съезде партия қызметінің 2012 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары қабылданды.
2011 жылғы 11 ақпанда партияның XIII кезекті съезінде делегаттар партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде бірауыздан ұсынды. Бұл съезде «Нұр Отан» ХДП 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Сол жылдың 25 қарашасында партияның XIV съезі өтті, онда партияның сайлауалды тұғырнамасы — «Қазақстан. 2017 мақсаттары», сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді.
«Нұр Отан» партиясының XV кезектен тыс съезі 2013 жылғы 18 қазанда Астана қаласында өтті. Съезд жұмысына партияның барлық аймақтық филиалдарынан келген 1200 делегат, сондай-ақ 1000-нан астам шақырылған қонақтар, олардың ішінде үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, дипломатиялық корпустың өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтер басшылары қатысты. Бұл съезд партия Доктринасының қабылдануымен ерекшеленді. Съезде партия өзінің Орталық саяси бағдарын жариялап, партияның атауынан «Халықтық-демократиялық» деген сөздер алынып тасталды. Сол кезден бері жазбаша түрде партия атауы тек қазақ тілінде «Нұр Отан» деп аталды.
2015 жылдың 11 наурызында партияның XVI съезі өтті, онда съезд делегаттары «Нұр Отан» партиясынан ҚР Президенттігіне Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсыну туралы қаулы қабылдады. Бұл съезде Мемлекет басшысы мемлекеттілікті нығайту үшін Бес институционалдық реформасын ұсынды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі сайлауы қар-саңында 2016 жылғы 29 қаңтарда өткен кезектен тыс XVII съезде «Нұр Отан» партиясының — «Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлау алды бағдарламасы әзірленді және қабылданды.
Биылғы жылдың 27 ақпаны күні «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтеді. Съезді шақыру жөніндегі қаулыға Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев қол қойды. Кезекті съезд партияның 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Съезде партияның 2030 жылға дейінгі жаңа Бағдарламасын талқылау, партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу, партиялық органдардың есебін тыңдау және партия Саяси кеңесінің құрамын жаңарту жоспарлануда. Аталған съездің партиямыздың 20 жылдығы аясындағы басты іс-шара боларына және алдағы жылдардағы мақсат-міндеттерді анықтап, біздің саяси ұйымның одан әрі жаңғыруына тың серпін беретініне сеніміміз мол.
Берік ХАСЕНОВ, «Нұр Отан» партиясы
Орталық аппараты Баспасөз қызметінің консультанты