Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Еуразиялық экономикалық одақ посткеңесті келдерін біріктіруді қаламайды»

Өткен аптадағы ең елеулі жаңалықтардың бірі — Санкт-Петербург халықаралық  экономикалық форумы. Төрткүл дүниенің назары тап сол күні Ресейге ауды. Үш күнге созылған бұл беделді жиынға үш мыңға жуық журналист қатысып, 60 мемлекеттің өкілдері алқымнан алған дағдарыстан жол тауып шығудың қам-қарекетін талқылады. Естеріңізде болса, осының алдында ғана Астана экономикалық форумы жалауын желбіретіп еді. Ол форум мен бұл форумның мақсат-мүддесі ортақ көрінді. Тіпті экономикалық тұрғыдан заңды жалғасы десе де болғандай. Экономикалық түйткілдердің түйінін тарқатуға бағытталған форумға өркениеті өрге озған елдердің бизнес марқасқалары мен мемлекет басшылары арнайы шақырылғаны соның жарқын көрінісі іспеттес.  Мәртебелі меймандардың қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да аты аталды.  Бейбітшілік пен тұрақтылықты бірінші орынға шығарып, ынтымақтастықты жоғары қойған еңбегі әлем сарапшыларының назарынан тыс қалмағаны осы форум аясында анық аңғарылды.

Соңғы уақытта төрткүл дүниенің жаһандық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқаны рас. Әлем сегіз жылдан бері тынымсыз сапырылысқан толқын мен дағдарысты бастан өткізіп келеді. Әлемдік экономиканың өсіміне қатысты ең ұстамды деген болжамдардың өзі  орындалмай жатыр.  Таяу жылдарғы  жаһандық экономиканың өсіміне арналған сарапшылардың бағасы тұрақты түрде төмендей бастады. Экономиканы дамытуға капитал құю да оның қосымша өсіміне кепіл бола алмауда.  Шикізат   бағасының құлдырауы барлық экспорттаушы елдердің экономикасын айтарлықтай әлсіреткені, бірақ   импорттаушы елдерде дефляциялық қысым күшейе түскені де осы форумда айтылды.  Кіріс барлық өндіруші компанияларда күрт азайып, үкіметтер мен орталық банктерде экономикалық белсенділікті жандандыратын мүмкіндіктер азайғаны да сараланды.  Түрлі топтағы азаматтардың, оның ішінде әлемнің дамыған елдеріндегі орта таптың тұрмысы төмендеуі байқалғаны жиналғандардың ортақ тақырыбына айналды. Бұл үрдіс  әлеуметтік шиеленістің белең алуына әкелетінін ешкім жоққа шығармады.

Мынаны еске салғымыз келеді, Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы биыл 20 жасқа толып отыр.  1997 жылдан бастау алған бұл жиынның жыл санап беделі артуда.  10 мыңнан астам адамды қамтыған форумға 60 елдің делегаты қатысты. Арнайы шақырту алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жиында беделі биік. Себебі Елбасының жаһанды жайлаған дағдарысқа қарсы қабылдаған шаралары қашанда көпшілік тарапынан қолдау тауып келеді. Инвесторлардың: «Қазақстан — біз үшін жұмақ мекен», — деуі де бекер емес тәрізді. Осы орайда Ресейдің бизнес өкілдері Елбасымен еменжарқын сөйлесіп, алдағы жоспарларымен бөліскенін айта кетуіміз керек-ақ.

Мұндай алқалы жиындарда әр тарап өз мүддесін қорғайтыны бесенеден белгілі. Саясаттың сара жолы оған дәлел.  Елбасы Еуропаның көшбасшы серкелеріне «жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін құлақтарына құюға тырысты. Оларды Еуразиялық экономикалық Одақпен серіктестікке шақырды. Экономиканы оқшауландыру мен дезинтеграция ішкі мәселелерді шеше алмайтынын қадап айтты.  «Бұл орайда Еуразиялық экономикалық Одақ Еуропалық Одақпен тұрақты ынтымақтастыққа мүдделі», — деді Президент.  Бұл қос тарапқа да тиімді болмақ. Себебі интеграцияның маңызы артып отыр. Бұл екі интеграциялық бірлестік тек Еуразияның ғана емес, күллі дүниенің дамуына серпін беруге қауқарлы.  Нұрсұлтан Назарбаев форумда күрделі кезеңді еңсерудің жолдарын айтып берді.  Елбасының пікірінше, санкцияларды қолдану кезінде экономика саясаттың «өгей қызына» айналады.  Сондықтан кез келген саяси жағдайда экономикалық прагматизм басымдыққа ие болу керек деген ойын да жасырмады.

ӘЛЕМНІҢ ӘР БҰРЫШЫНАН КЕЛГЕН КІЛ МЫҚТЫЛАРДЫҢ МАҚСАТЫ БІР. ОЛ — ҚАРЖЫЛЫҚ ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУ

Осы жиында ел президентінің көптеген мемлекетаралық қондырмалардың бюрократталғаны соншалық, ұлттық экономикаларға кедергі келтіріп жатқаны баса айтылды. «Осы бюрократизм Еуропада да, Америкада да, Азияда да интеграцияға мүлде қарсылықты күшейте түсуде. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ ең жас мемлекетаралық бірлестік ретінде осы қатерді ескеруі керек. Дезинтеграция және экономикалық оқшаулану ішкі проблемалардың бірде-бірін шешпейді. Бұл өзін-өзі алдау ғана болады. Еуразиялық экономикалық одақ тиімді және тұрақты Еуропалық одақтың болғанына мүдделі, — деді Қазақстан Президенті.

0f8489cfe29e5116f782c25911ecc67e_XL

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың бірлескен форумын өткізу жөнінде бұрын да айтқанын,  оған сарапшыларды, ғалымдарды, бизнесмендерді шақырып, құрылған бірлестіктің мән-жайын кеңінен түсіндіру керектігін жеткізгенін көлденең тартты. Еуроодақ пен ЕАЭО арасындағы байланыс ортақ экономикалық өсімнің артуына септігін тигізіп, экономикалық белдеу Ұлы Жібек жолын жаңғырту арқылы биік белестерді бағындыруға болатындығын да айрықша атады. Сан жылдары бойы қойы қоралас, шекарасы аралас Ресей президенті  Владимир Путин де Нұрсұлтан Назарбаевтың ойын қуаттайтынын жасырмады. Ресей басшысының айтуынша, қазіргі Еуразия экономикалық одағының Ресей бастаған мүшелері Қытай, Үндістан, Пәкстан, Иран секілді тағы бірқатар елдердің қатысуларымен жаңа үлкен Еуразия әріптестігінің құрылуын қалайтынын жеткізді. Еуразия экономикалық одағының мүшелері, сондай-ақ бүгінде Ресей тығыз қарым-қатынас орнатып отырған Қытай, Үндістан, Пәкстан, Иран елдері Үлкен Еуразия әріптестігін осы жаздың өзінде құрып алуы да әбден мүмкін.

Сондай-ақ, Владимир Путин жаңа одаққа ТМД бойынша әріптестердің, соған қоса басқа да ынта-ықылас білдірген мемлекеттер мен бірлестіктердің қатысып қалулары мүмкін екенін сөз етті. Ресей президенті ЕАЭО-мен инвестиция және сауда секілді әр алуан салаларда әріптес болуға Еуроодақтың да мүдделі болып отырғанын айтты. Осы форумда көптің көңілін күпті еткен, түрлі өсекаяңға желі болып тартылған Еуразиялық экономикалық одақ жайлы да Нұрсұлтан Әбішұлы салиқалы ойын білдірді.  «Еуразиялық экономикалық одақ посткеңестік елдерін біріктіруді қалайды» деген қауесеттен арылу қажеттігіне назар аударды. Жасалып жатқан барлық бастамалар ел экономикасының еңсесін тіктеу үшін жасалып отырғанын тілге тиек етті:

— Біздің мына Еуразиялық экономикалық одақты неше түрлі қылып айтып жатыр ғой адамдар. «Бұрынғы СССР-ды жинап жатыр, анау-мынау» деп жатқандар да бар. Өздеріңіз білесіздер, барлық бастама Қазақстаннан шықты ғой. Себебі бұл бізге керек. Картаға қарасаңдар, Қазақстан құрлықтың дәл ортасында тұр. Ешқандай теңізге шығатын жолы жоқ, төңірегіміздегі үлкен нарықты қолдануымыз керек. Біз үшін үлкен нарық — Қытай және Ресей. Сондықтан не үшін керек? Ол үшін арадағы кедергіні алып тастау керек. Сол үшін Одақ керек», — деп, негізгі мақсаттың шығу төркінінен хабар берді.

 Аталмыш форумда тартымды инвестициялық бірегей жобалар жан-жақты насихатталды. Себебі қай елдің де болсын өкілдері аталмыш мүмкіндікті мейлінше пайдаланып қалуға тырысады емес пе?  ЭКСПО форум кешенінде үш күнге созылған форумы аясында құны миллиардтық келісімдерге қол қойылды. Еуропа, АҚШ, Қытай сынды елдердің 500-ден астам компания өкілдері осында. Қара алтын құны құлдырағандықтан, көптеген елдердің экономикасы тұралап қалғаны белгілі. Сол себепті инвесторлар экономикалық өсімге қол жеткізу жолында жаңа мүмкіндіктерді қарастыруда. Әлемнің әр бұрышынан келген кіл мықтылардың мақсаты бір. Ол — қаржылық тығырықтан шығу.

 ФОРУМ АЯСЫНДА ЕКІЖАҚТЫ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

Осы орайда шетелдіктердің қазірдің өзінде қазақстандық павильондарға қызығушылығы аңғарылды. Ал «Астана ЭКСПО — 2017» көрмесінің мамандары ендігі жылы елімізде өтетін көрме қай тұрғыдан да  ауқымды болатындығын алға тартты.

Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО — 2017» ҰК басқарма төрағасы:

Esimov— Ұлттық компанияның мақсаты — біздің келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесін насихаттау. Бұлар қазір 10 мың адам қатысады деп айтып отыр. Ол — үлкен көрсеткіш. Ал біздің көрмеге күніне 50 мың адам келеді деп жоспарланып отыр. Сондықтан оның көлемі де үлкен, мақсаты да басқа. Және де мына форум 2-3 күн болатын болса, біздің көрме 93 күн болады. Ресейдің экспорттық орталығы да Қазақстанмен байланысты бекемдеуге ниетті. Константин Евстюхин Қазақстан Президенті шетелдіктерге алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай жасағанын тілге тиек етіп, Ресейдің Қазақстаннан үйренері көп екендігін жеткізді.

 

Константин Евстюхин, Ресей экспорт орталығының қаржылық емес қолдау жөніндегі басқарушы директоры:

foto-spikera-eksportnyij-czentrevstyuxin1— Біз бүгінде Қазақстанда белсенді жұмыс жүргізіп отырған компаниялардың біріміз. Машина құрастыру саласында шамамен 50-ге жуық экспорттық жобаны іске асыруды көздейміз. Себебі қос елдің өнімдеріне де сұраныс жоғары. Сіздерде бизнес өте дұрыс жолға қойылған. Мәселен, бізге өз өкілдігімізді Астанада тіркеу үшін не бәрі 3 күн қажет болды. Рас, Ресейдің сіздердің елдеріңізден үйренері көп. Ал отандық  көлік құрастыру саласының мамандары бұл форумның Қазақстан кәсіпкерлері үшін қай тұрғыдан да пайдалы екендігін жеткізді. Тараптар өзара тікелей келісімшарттар жасауға ниетті. Себебі Қазақстанда шығарылған темір тұлпарларға бүгінде Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан сынды елдерден сұраныс артқан. «Ендігі меже—осы көрсеткіштерді еселей түсу», —  дейді сала басшысы. 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербург халықаралық  экономикалық форумы аясында екіжақты кездесулер өткізіп, ынтымақтастықты дамыту төңірегінде ашық сұхбаттар жүргізді. Мемлекет басшысы  алғашқы болып Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті.  Әңгіме барысында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды, сондай-ақ, қарым-қатынасты одан әрі дамыту перспективаларын қарастырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Пан Ги Мун халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы БҰҰ-мен қарым-қатынаста Пан Ги Мунның Бас хатшы қызметінде қол жеткізілген өзара түсіністіктің деңгейі жоғары екенін атап өтті. «БҰҰ — аса маңызды ұйым, оған әлемнің барлық мемлекеттері қолдау көрсетіп, беделін нығайтуға, мүмкіндіктерін кеңейтуге тиіс деп санаймын. Әсіресе қазіргі күрделі ахуал кезінде бұл өте қажет. Өзіңіз білесіз, Қазақстан бейбітшілікті, интеграция мен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған бірқатар ұсыныс білдірді. Біздің ел өркениеттерді біріктіру үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін өткізіп келеді. Ядролық қарудан арылу жөніндегі ұсыныс бізден бастау алды. Биыл біз Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығын атап өтеміз. Сіз ол жерде болдыңыз. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясының соңғы сессиясында біз адамзат жаппай қырып-жоятын қарудан арылуы қажеттігі жөнінде бастама көтердік, — деді Қазақстан Президенті. Пан Ги Мун Қазақстан Президентінің Ұйыммен серіктестік қарым-қатынастарының дамуына қосқан жеке үлесін атап өтіп, қызметтің барлық бағыты бойынша БҰҰ-ға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДЫҢ ЖАҢА ТЕТІКТЕРІ ІСКЕ АСЫРЫЛДЫ

 Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі салалары мен бағыттарын қамтитын, сондай-ақ,  Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық  үдерістердің дамуына қатысты  кең ауқымды мәселелерді талқылады. Бұдан бөлек, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер мен өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсу перспективалары да қарастырылды. Осы форум аясында ел Президенті әлемдегі іріірі компаниялардың басшыларымен кездесті.   «АФК Система» ААҚ директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Евтушенковпен кездесуінде компаниямен энергетика және мұнай химиясы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолдары талқыланды. Сонымен қатар, тараптар бірқатар бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективалары сарапқа салынды. Сондай-ақ   Нұрсұлтан Әбішұлы  DP World компаниясы басқармасының төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайеммен кездесуі барысында көлік-логистика, соның ішінде теміржол саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылады. Осы ретте DP World компаниясының «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы мен Ақтау портын дамыту ісіне қатысуы жөніндегі мәселелер қарастырылды.

0f8489cfe29e5116f782c25911ecc67e_XL

Нұрсұлтан Назарбаев компанияның өз қызметі саласындағы көшбасшының бірі әрі біздің елдің стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Ал DP World басшысы Қазақстанмен өзара іс-қимылдың тиімділігін айтып, оны тереңдете түсуге мүдделілік білдірді. Осы форумды тиімді пайдаланған мемлекет басшысының «Эксон Мобил» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Рекс Тиллерсонмен кездесуінде Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға компанияның қатысуы жөніндегі мәселелер, сондайақ, бірқатар инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланды. Қазақстан басшысы бірлесіп жүргізген жұмыстар кезеңінде қол жеткізілген табысты ынтымақтастыққа назар аударды. Рекс Тиллерсон Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, осы жылдары еліміздің зор жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ, «Эксон Мобил» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы елімізбен серіктестік қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

ПРЕЗИДЕНТ: ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ ҚАЛЫПТЫ ДАМЫП КЕЛЕ ЖАТЫР

Петербургте өтіп жатқан ХХ Халықаралық экономикалық форум аясында журналистер тарапынан сан түрлі сауалдар жолданды. Соның бір-екеуі  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тиді. Кездесудің модераторы, CNN жүргізушісі Фарид Закария АҚШ-тағы алдағы сайлауды айта отырып, Қазақстан Президентіне төтесінен мына сарындағы сауалды жолдады: «АҚШ әйел президент басқаратын жағдайға дайын ба? Бұл өзектілігін жоймай тұр. Мен сіздің Премьер-министрдің орынбасары қызметіне әйел адамды қойғаныңызға назар аударып отырмын. Қазақстанды әйел президент басқаруы мүмкін деп ойлайсыз ба?» Бұл сауалға Нұрсұлтан Әбішұлы ұстамды қалпынан таймай, былай деп жауап қатты: «Қазақстанда әйел адам президент бола алмайды деп кім айтты сізге? Әбден мүмкін. Қазақстанда халықтың 51 пайызы  әйелдер. Гендерлік саясат қалыпты дамып жатыр. Парламенттегілердің 30 пайызы әйелдер. Үкімет құрамында бірнеше әйел бар. Сондықтан әбден мүмкін, соған дайындалған әйелдер де бар. Менің  үш қызым бар, сондықтан мен әйелдерге ерекше көзқарастағы адаммын». Қазақстан Президентіне жолданған екінші сауалдың да көтеріп тұрған жүгі ауыр. «Сауд Арабиясы мұнай өндірісін америкалық мұнайшыларды ығыстыру үшін арттырып отыр ма, әлде Иранның ірі ресурсқа қолы жетпеуі үшін бе, қалай деп ойлайсыз? Жалпы, бұл қаншалықты жүзеге асты? Болашақта мұнай бағасы қалай болмақ?» — деді журналист. Елбасы бұл сұраққа: «Жиынға мұнай саласындағы ірі компания «Эксон Мобилдің» басшысы Рекс Тиллерсон қатысып отыр, мұны сол кісіден сұрау керек», — деп, әзіл араластыра жауап берді де, сұраққа қатысты өз пікірін былайша білдірді: «Біз бүгін Рекс Тиллерсон мырзамен кездесіп, осы төңірегінде сөйлестік. Мен оның пікірін қолдаймын, бүгінгі таңда мұнай бағасы 50 доллардың айналасында. Мүмкін, бұл объективті шындық. Ал енді Сауд Арабиясы америкалық мұнайшы-ларды ығыстырып жатыр деген тақырып — сарапшылардың мәселесі. Бүгін олар бір нәрсені айтады. Қазір сарапшылар пікірін оқығың да келмейді. Өйткені ертең мүлде б а с қ а дейді.

Меніңше, біз пікірлеріне сүйенетін экономистер, қаржыгерлер қазір шатасып қалды. Сондықтан қазіргі жүріп жатқан дағдарысқа ешкім нақты баға бере алмайды. Факт, ол — факт. Мен бүгінгі баяндамамда бағалардың құлдырауынан барлығы да ұтылғанын айттым. Импорттаушылар да ұтылды, экспортқа шығарушылардың да ұтылғаны белгілі. Әрине, дамушы елдер ұтылды. Жалпы, бұл барлығымызға қатысты. Сондықтан Петербург форумының тақырыбын шынайылыққа бұру керек. Шындық, ол — қазіргі қалыптасқан баға. Жаман ба? Иә, жаман. Бірақ барлық жамандықтың да жақсы жағы бар. Қазір біздің елдеріміз өндірісті дамытуға, индустрияландыру мен өзге салаларды өркендетуді қолға алды».

ТҮЙІН: Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі күнге созылған Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы Қазақстан үшін қай тұрғыдан да нәтижелі өткендігін жеткізді. Дағдарыстан шығу жолында нақты бағытбағдар айқындалды, бірегей бастамалар көтерілді. Елбасы біздің алдымызда тұрған ендігі меже алдыға қойылған міндетті мінсіз атқару деп атап өтті. Форум аясында іскер қауым өкілдері көтерген күрмеуі күрделі мәселелердің барлығы биыл қазан айында Астанада қаузалғаны белгілі. Әрбір сапардың өзінің алға қойған мақсаты болатыны түсінікті. Ендеше, Елбасының СанктПетербургке сапары да өз мақсатына жетті деп айтуға болады. Форум аясында өткізілген екіжақты кездесулер осының бір дәлелі болса,  Нұрсұлтан Әбішұлының алқалы жиында сөйлеген сөзі жаһанның түкпір-түкпірінен жиналғандарды Қазақстанның әлеуетінен хабардар етіп қана қоймай, Қазақстанның  жаңа мүмкіндіктер елі екеніне көздерін жеткізді.  Форум аяқталғаннан кейін журналистерге берген сұхбатында Ел Президенті: «Біздің Астанадағы экономикалық форумнан кейін Санкт-Петербургтегі экономикалық форум біз үшін өте маңызды болды.

 Біз серіктес ретінде, көрші ретінде Ресейді қолдау үшін келдік. Бірақ біз өз шаруаларымызды шештік. Кешегі бизнес капитандарымен кездесуде 50 ең мықты Ресейдің компаниясымен кездестік. Оның барлығының Қазақстанға қызығушылығы біз үшін керек. Қазіргі күннің өзінде Еуразиялық экономикалық кеңестің құрылуына байланысты 7-8 млрд. доллардан артық алдын ала келісімдер бар. Елімізде жасалып жатқан жағдайды, мүмкіншіліктерімізді паш ету бізге қажет болды», — деп, форумға өз бағасын беруі тегін болмаса керек-ті.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК