Нұрсұлтан Назарбаев: Зауыттарға цифрландыру енгізіңіздер

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Елбасы Ертіс-Баян өңіріне сапары барысында қосындыланған алюминий өндірісі – «Giessenhaus» ЖШС-не, «Қазэнергокабель» АҚ-ға және Павлодар мұнай-химия зауытына барып қайтты.

Кездесу барысында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының өкілдері алюминий кластерінің дамуы жөнінде баяндады. Сонымен қатар сыртқы нарықта табысты жұмыс істейтін экспортқа негізделген кәсіпорындар ұсынылды. Олардың бірі – «СНН» ЖШС. Ол темір жол, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ салаларына арналған құйма өнімдерді өндірумен айналысады.

– Біз сағатына 300 шақырым жылдамдықпен жүретін пойыз жолдарын салуға арналған анкерлерді шығарамыз, – деп әңгімеледі компания директоры Евгений Москалев. – Бұл өнімдер еуропалық темір жолдарды салуда қолданылады. Бүгінгі күні Қазақстанда тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүріп жатыр және біз құрылысшыларды жылына 1 миллион секция көлеміндегі алюминий радиаторларымен қамтамасыз етуге дайынбыз. Болашақта жылына 4 миллион секцияға дейін шығару жоспарланып отыр.
Кәсіпорынның бүгінгі табысты жұмысы Елбасының да көңілінен шықты. Кездесу барысында ол мұндай кәсіпорындарды қолдауға дайын екенін атап өтті.
«Қазэнергокабель» АҚ-да Елбасыға кәсіпорынның даму перспективалары жөнінде баяндалып, өнім үлгілері көрсетілді. Бүгінгі күні бұл зауыт кабельді-өткізгіш өнімдердің ең ірі өндірушісі болып табылады. Алдағы уақытта кәсіпорында өнім сапасын арттыру мақсатында заманауи материалдардың қолданылуы кеңейтіліп, ғылым және техниканың жаңа жетістіктерін қолдану арқылы кәсіпорынның стандарттар топтамасын жасау жоспарланып отыр.

Мұнай өңдеу зауытында Президентті жасалған модернизация нәтижелерімен таныстырды.

– Жобаның жалпы сомасы 180,5 миллиард теңгені құрады, – деді «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Тиесов. —  Бұл алғашында италиялық мамандардың берген бағасынан бірнеше есе арзан болды. Жаңа қондырғыларды салудың орнына біз бар қондырғыларды жаңартудан өткіздік. Бүгінгі күні зауытта К-4 және К-5 өнімдері шығарылады, авиакеросин өндірісі жандандырылды және біз өндіретін бензиннің барлығы жоғары октанды болып табылды.

Сонымен қатар ұлттық компания топ-менеджері цифрландырудың еңгізілу барысы жөнінде баяндады.

– Егер бұрын мұнай өңдеу зауыттарында операторлық бөлмелер әр цехте болған болса, бүгінгі күні кәсіпорынның басқарылуы бір бөлмеден жүзеге асырылады, – деді ол. – Операторлық бөлмеге барлық ақпарат адамдардың өңдеуінсіз тікелей технологиялық қондырғылардан барып тұрады.  Тағы бір мәселе – пайдалану мәдениетін арттыру. Зауытымызда орын алған жағдайларға жасалған анализдің нәтижесінде барлық мәселелрдің 90%-ы адам факторының салдарынан болғаны анықталды.

– Цифрландыру осындай жағдайларды болдырмайды, соның нәтижесінде барлығы нақты кестеге сәйкес жұмыс істейді, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. – Басқару бір бөлмеден жүзеге асырылу үшін, автоматика жақсы жұмыс істеу үшін және еңбек өнімділігі арту үшін цифрландыруды еңгізіңіздер.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жаңғырту жұмысы жүргізілген С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға барды. Мұнда Елбасы «Рухани жаңғыру» көрмесін тамашалады.  Сондай-ақ, Елбасының төрағалығымен өткен жиын барысында денсаулық сақтау және білім беру саласындағы цифрландыру бойынша баяндама жасалды. Сонымен қатар, Ертіс өңірінің киелі жерлерінің суреттер көрмесі ұйымдастырылып, адырна ұлттық аспабында композиция орындалды.  Киелі орындар картасына аймақтағы 41 орын енгізілген. Оның бесеуі республикалық тізімге қосылған. «Қазақстан жаһандану әлеміндегі замануи мәдениет» блогында  Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның Италия елінің 22 қаласына жасаған гастрольдік сапары фотоколлаж арқылы көрсетілді. «Ғасырлар үні» блогында Ертіс өңірінен шыққан белгілі тұлғалардың домбыралары  таныстырылды.
Осы көрме барысында Елбасының алдында сөз сөйлеп, өз туындыларын көрсеткен суретші сол кездесудің әсерін былай деп жеткізді:

— Бала күнімнен қыл қаламды серік етіп, сурет салуға әуес болдым. Анам суретші болғасын қасиетті өнер анамның ақ сүтімен бойыма дарыған шығар. Бүгінгі күн мен үшін, қиял – ғажайып түс көріп жатқандай әсер қалдырды. Әлсін-әлсін оянып кетпесем екен дегендей елеңдеп, ұшып – қонып жүрмін. Олай дейтінім, б
үгін бойымдағы суретшілік өнерімнің арқасында өңірімізге іс-сапармен атбасын тіреген Елбасы НұрсұлтанӘбішұлының алдында сөз сөйлеп, сурететші әріптестерімізбен бірге жазған туындыларымызды таныстырудың сәті түсті. Сөзімді «Қош келдіңіз»,-ден бастап Оңтүстіктен-Солтүстікке қоныс аударған жас отбасы, жас маман екенімді айттым. Мен өз сөзмді: «Бойымдағы өнер арқылы біздің рухани құндылықтарымыз: қасиетті мекендер, ұлы тұлғалардың бейнесін сан түрлі бояулар арқылы сырын ашып, оны халыққа, өскелең ұрпаққа таныстырып насихаттаудамын», — деп жалғастырдым. Осы сәтте Елбасы «Қайсы сенің салған суреттерің?» , деп ерекше ден қойып туындыма көз жүгіртті. Қасиетті Ертіс – Баян өңірінің атақты суретшілері туралы да сөз етіп еңбегімізге жеміс тілеп ризашылығын білдірді. Ішімнен маған өмір сыйлаған ата анама, «Жеңіс»,- деп есім берген Байшора атама алғыс айтып бойымды қуаныш сезімі билеп тұрды, — дейді Жеңіс Нұртасұлы. 

Тілеуберді САХАБА, Павлодар