Нұржан Нұржігітов: Әр отбасының тұрақты табысының болуы маңызды
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Талас ауданындағы жұмыс сапары Қызыләуіт ауылдық округінде жалғасты.
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аталған ауылдық округ тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы жергілікті халықтың түрлі сауалдарына жан-жақты жауаптар берді.
Өз кезегінде ауылдықтар жол жөндеу, жаңа балабақша салу, мал ұрлығы, суармалы су, бөгет салу және тағы басқа мәселелерді көтеріп, көкейдегі сауалдарын жолдады.
Облыс әкімі барлық мәселе заң аясында қарастырылып, жұмыстар тиісті жоспарға сай орындалатынын жеткізді.
— Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен атқарылатын болады. Осы орайда жергілікті тұрғындардың да жергілікті билікке деген сенімі де маңызды. Ортақ түсіністік, жауапкершілік болғанда ғана қордаланған мәселелерді шешуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе аламыз. Ұйымшылдықпен, бірлікпен көп шаруаны тындыруға болады. Келер жылы округ “Ауыл аманаты” жобасына енеді деп күтілуде. Жоба аясында жеңілдетілген несие алып, шаруаларыңызды тіктеуге мүмкіндік бар. Мал басын көбейтіп, үй іргесіндегі жерді тиімді игеріп, тұрмыстық табысты арттыруға болады. Әр отбасының тұрақты табысы болуын қамтамасыз ету керек. Бұл жұмыстарды үйлестіруде ауыл әкіміне үлкен жауапкершілік артылады,-деді Нұржан Нұржігітов.
Кездесуден кейін аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.
Бұдан соң облыс әкімі “Балдәурен” бөбекжай-бақшасы ғимаратының және Ұшқырәуіт бөгетінің жағдайымен танысты.
Қызыләуіттік жеке кәсіпкер Жарас Үсіпбеков үй іргесіндегі жылыжайында қияр өсіруде десек, тағы бір жеке кәсіпкер Сейсен Ұлтусын үй іргесінде аумақта биогумус өндірісін жүзеге асыруда.
Нұржан Нұржігітов қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін жолға қойған тұрғындардың жұмысын оң бағалап, сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, 50 соттық аумаққа жүгері еккен Қанатбек Оразбеков 4 тонна өнім алуды жоспарлауда.
Мұнда облыс әкіміне Қызыләуіт ауылдық округінде “Ауыл аманаты” жобасы аясында атқарылатын жұмыстар баяндалды. Ауылдықтармен барлығы 130 жоба жүзеге асады деп жоспарлануда.
Жамбыл облысы әкімдігі