Нұржан Нұржігітов: Шешім қабылдамас бұрын, қоғамның пікірімен санасуға тиіспіз
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесті.
Басқосуда әуелі аймақ басшысы ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына мемлекеттің ұстанып отырған саясаты мен алдағы жұмыс бағыты туралы аз-кем айтып өтті.
— Аудандағы ауқымды жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы қаралады. Бұдан бөлек жергілікті бюджеттен бөлінетін және Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдаулар бар. Ал аудан, ауыл әкімдері мен бөлім басшылары мемлекеттен көрсетілетін көмекті, түрлі бағдарламалардың мүмкіндіктерін тұрғындарға жеткізіп, жұмысты сапалы әрі жүйелі ұйымдастыруы тиіс,- деді облыс әкімі.
Бұдан соң аудан әкімі Әлихан Балқыбеков ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.
Ауданда 16 ауылдық округ және 24 елдімекен бар. Онда 31 895 халық тұрады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 3,3 пайыз, өнеркәсіп 11,8 пайыз, инвестиция 9,8 пайыз және құрылыс саласы 3,7 пайызды құраған. Аудандағы ресми тіркелген жұмыссыздар саны 862 адамға жеткен. Сонымен қатар ауданның 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында қолға алынған шаруалар да аз емес.
Басқосуда Нұржан Нұржігітов Әлихан Балқыбековтен ауданның негізгі кіріс көзі және құрылыс, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы жаңа жобалар туралы сұрады.
Осы ретте аудан басшысы биыл жергілікті бюджеттен қаралған 690,6 миллион теңгеге саябақтар мен аллеялар жаңартылып, ауыз су, жол мәселесі сынды бірқатар шаруа ретімен шешілетінін айтты.
Аудандық бюджеттің кіріс көлемі көп болса, ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік туатынын ескерткен аймақ басшысы биыл құжаттары әзірленген 9 жоба бір аудан үшін аздық ететінін және шеткі аудандағы шаруаны тіктеу мәселесі аудан әкімдігінің сметалық құжаттарына байланысты екенін баса айтты.
— Біз кез келген маңызды шешімді қабылдамас бұрын оны тұрғындардың қалай қабылдайтынын ойланғанымыз жөн. Осыған аса мән беріңіздер. Шешімді қоғаммен санаса отырып, қабылдауға тиіспіз. Сонда ғана түсініспеушіліктерге жол бермейміз. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды жүйелесек, елдің де әкімдікке деген оң көзқарасы қалыптасады. Сондықтан әкімдер өздеріне жүктелген функцияны 100 пайыз орындауы керек,-деді Нұржан Нұржігітов.
Басқосуда облыс әкімінің қойған сауалдарына аудандық бөлім басшылары мен ауыл әкімдері мардымды жауап бере алмады. Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламалар мен кейбір ережелерді өздері жете түсінбей отырған басшыларды сынға алды.
-Үкіметтен көрсетіліп жатқан қолдаулар көп. Алайда, ауыл әкімдері қарапайым субсидияның шарттарын білмейді. Сол үшін де Мойынқұм ауданы былтыр субсидия алудан көш соңындағы аудандардың қатарында қалды. Үкіметтен грант алғандардың да саны аз. «Сен тимесең мен тиме» деп бос жүрген жарамайды. Апта сайын ауыл әкімдерінің жұмысын жетілдіру бағытын қайталап келеміз. Әлі нәтижесі байқалмайды.
Халықтың тұрмысын түзеу, табысын арттыру басты мақсат. Бұл бағытта мемлекет барынша жағдай жасап отыр. Бірақ біз соны халыққа өз деңгейінде жеткізе алмай отырмыз.
Тек бюджет қаражатын игеріп қана қоймай, жаңа жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жұмыс орындарын құру, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту мәселесін шешуге күш салу керекпіз, -деді Н. Нұржігітов.
Актив отырысын қорытындылаған аймақ басшысы аудан әкімдігінің бөлімдерін ауыл әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Мұнымен қоса ауыл әкімдеріне шешім қабылдарда «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидасын қатерден шығармауды тағы бір мәрте ескертті.