Нұржан Нұржігітов Шу ауданындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Шу ауданындағы жұмыс сапары барысында Төле би ауылындағы Әл-Фараби мектебінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

300 орындық мектептің жобалық құны 905 млн теңгені құрайды. Ыңғайластырылған ғимарат құрылысын мердігер «Айна Сити» ЖШС жүргізуде.

Облыс әкімі құрылыстың бекітілген мерзім-кестеден кешігіп келе жатқанына назар аударып, жұмыс күшін арттыруды тапсырды.

Жаңа оқу жылына дейін оқу кабинеттері дайын болу керектігін ескертті. Басқа бөліктеріндегі жұмыстар да сапалы, уақытылы орындалу керектігін баса айтты.

Келесі кезекте аймақ басшысы Сүт өнімдерін өндіруші жеке кәсіпкер «Тілеумаханова» шаруашылығына барды.

2019 жылы жұмысын бастаған отбасылық шаруашылық сүт, айран, қаймақ, ірімшік, құрт, шалап шығарумен айналысуда. Жоба «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 5 млн. теңгеге грантқа ие болған.

Облыс әкімі шаруашылықтың жұмысын оң бағалап, мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар жалғасатынын атап өтті. “Ауыл аманаты” жобасы аясында кооператив арқылы техника алуға 50 пайызға дейін субсидия берілетіндігін жеткізді.

Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов Шатыркөл-Жайсан кластерінде жаңа кен байыту фабрикасының құрылысымен танысты.

Жоба 2024 жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Кәсіпорын толығымен өз жұмысын бастағанда 300 адам жұмыспен қамтылмақ.

Қазіргі таңда негізгі фабрика корпусы, вахталық кенттің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүруде. Бүгінге құрылыстың 65 пайызы аяқталған.

Аймақ басшысы “Шатыркөл” кенішінің де жай-күйін көрді.

Жылына 620 мың тонна мыс кенін өндіруге бағытталған жоба 2000 жылы іске қосылған.

Нұржан Нұржігітов кәсіпорын басшылығына экологиялық және қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударуды, үшжақты ұжымдық шарт талаптарын сақтауды, жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік жағдайына көңіл бөлуді тапсырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ұмытпау керектігін де баса айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімі “Жаңа жол” ауылындағы «МИР» шағын наубайханасы және құм-блогын шағаратын «Несіпбаев» жеке кәсіпкерліктерінің жұмысымен танысты.

Күніне 500 бөлке нан, 450 тандыр нан пісіріп, өткеретін наубайхана жақын маңдағы дүкендердің сұранысын тиісінше қамтамасыз етуде. «Ауыл шаруашылығын» қолдау қоры арқылы 5,0 млн. теңге несиеге қол жеткізген.

Ал, «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты (кәсіпкерлікті дамыту) бойынша 2,5 пайызбен 5,1 млн. теңге несие алған «Несіпбаев» жеке кәсіпкерлігі күніне 1200-1300 дана екі түрлі құм-блогын шығаруда. Мұнда алты адам жұмыспен қамтылған десек, олардың орташа жалақысы 300 мың теңгеден асады.

Нұржан Нұржігітов кәсіпкерліктердің жұмысына сәттілік тілеп, осындай шағын жобалардың маңыздылығына тоқталды.

— “Ауыл аманаты” жобасының түпкі мақсаты, нақты нәтижесінің көріністері — осы. Елді мекендерде шағын жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құрып, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту маңызды. Жоба аясында үй іргесіндегі жерлерді тиімді игеріп, қорадағы мал санын арттыра отырып, ауылдықтардың ахуалын арттыруға күш салу керекпіз,- деді аймақ басшысы.

Жамбыл облысы әкімдігі