Нұржан Нұржігітов студенттермен еркін форматта кездесті
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері мен оқытушыларына дәріс оқыды. Дәріске Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі басымдықтар арқау болды.
Аймақ басшысы өз сөзінде Жаңа Қазақстанды құрудағы мемлекеттік қызметшілердің ерекше рөлі туралы, өңірдегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, заңның үстемдігін, халықтың әділдігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде, ел Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзекті мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
— Жылу, жарық, ауыз су, сапалы жолдар, азық-түлік қауіпсіздігі, жаңа жұмыс орындарын құру, жалақыны көтеру, жаңа әлеуметтік нысандар салу – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттары. Тұрғындар осы тұрғыдағы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін сезінуі тиіс, — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов өз тәжірибесімен бөлісіп, әлеуметтік саладағы оң өзгерістерді де тілге тиек етті.
— Жолдауда Мемлекет басшысы ұлттың әлеуетін арттыруда және қоғамның үйлесімді дамуында негізгі рөлге ие білім беру мен денсаулық сақтау саласына айрықша басымдық берді. Бұл салаларда ұлттық жобалар қабылданды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында балаларымызды оқыту және жан-жақты дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатын болады. Тек мұғалімдер ғана емес, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар да, оқушылардың өздері де жауапкершілікті сезінуі керек. Олар сапалы білім алып, сүйікті ісімен айналыса отырып, елдің өркендеуіне өз үлесін қосулары аса маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның болашағы – бүгінгі біздің сөзіміз бен ісіміздің, ниетіміз бен әрекетіміздің өзара үйлесімділігінде, — деді облыс әкімі студенттерге.
Кездесу барысында студенттер аймақ басшысымен еркін форматта сұхбаттасты. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік қызмет, шетелдік инвесторлармен ынтымақтастық, Ленинград ауыл шаруашылығы институтындағы студенттік шақтары, қызығушылықтары туралы сұрақтар қойып, нақты жауаптар ала білді.
Жамбыл облысы әкімдігі