Нұржан Нұржігітов: Жоспар құрғанда тұрғындардың қажеттілігі мен ауданның әлеуеті ескерілуі тиіс
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен Қордай ауданы активінің жиыны өтті.
Басқосуда аудан әкімі Бегзат Болатбек баяндама жасап, даму жоспарының орындалуы және өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Оның айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша аудан экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасқан. Жалпы өңірлік өнім 215,9 млрд. теңге болып, экономикалық өсім 129,2 пайызды құрады.
Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, салықтық түсім, жалақы, бюджет кірісі артты.
Өткен жылы аудандағы 19 ауылдық округте ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салалары бойынша құны 1 652,4 млн. теңгені құрайтын 38 жоба іске асып, 136 жұмыс орны ашылды. Биыл 54 жобаны іске асыру арқылы 557 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.
Ал, бюджет қаражаты есебінен 12 366,0 млн. теңгеге 46 жоба қолға алынып, жыл қорытындысымен 23 жоба пайдалануға берілді. Нәтижесінде 460 жұмыс орны ашылды.
— Ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9369 бірлікті құрайды. Бүгінгі күнге ауданда түрлі бағдарламалар арқылы жалпы 6,8 млрд. теңгеге несие беріліп, 85 жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында жалпы көлемі 1 580,9 млн. теңгені құрайтын 51 жоба қолдау тапты.
Несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау бойынша 26 жоба жалпы соммасы 981,5 млн. теңгеге субсидияланды. Банк кредиттеріне кепілдік беру құралы бойынша жалпы сомасы 599,4 млн. теңгеге 25 жобаға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан кепілдік берілді,- Бегзат Болатбек.
Облыс әкімі ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 7 пайызға, көтерме сауда айналымы 15,4 пайызға төмендегенін, бюджет шығыстары 99,2 пайызға орындалып, 242,1 млн. теңге қаражат игерілмегенін атап өтіп, тиісті тұлғалардан себебін сұрады.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Бетқайнар, Қақпатас, Қаракемер, Қарасу, Ноғайбай, Сортөбе, Үлкен Сұлутөр ауылдық округтерінде бірде-бір инвестициялық жоба жүзеге аспағанын сынға алды.
Бұдан бөлек, Нұржан Нұржігітов “Асарлатып үй салу”, “Мейірім” жобаларының орындалу барысындағы кемшіліктерге де назар аудартып, олардың идеологиялық маңызы жөнінде тоқталды.
— Сіздер ауданның даму жоспарын өздеріңізге ыңғайлап құрып алып, соны орындадық дейсіздер. Ал, халықтың шынайы мұқтаждығы, мәселесі шешіліп жатқан жоқ. Олай болмайды. Тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып, ауданның жоғары әлеуетіне қарай жоспарды қайта қарау керек.
Ауыл әкімдері әр ауланың жағдайынан хабардар болып, олардың тұрақты табысының болуы маңызды. Осы бағытта жұмыс жүргізіңіздер. Оған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіншіліктерін тиімді пайдалану қажет.
Жаңа жобалар жүзеге асып, жұмыс орындары ашылса, жастар ауылға тұрақтайды,-деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімі сан саладағы кемшіліктер бойынша аудан әкімінің орынбасарларынан, бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінен жауаптар алды. Кейбір басшылар өздеріне тиесілі сұрақтарға нақты жауап бере алмады.
Аймақ басшысы аудандағы жұмыстарды төмен деңгейде деп бағалап, аудан әкіміне барлық бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Жамбыл облысы әкімдігі