Нұржан Нұржігітов жоспарлы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тапсырды
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында инвесторлармен өзара байланыстың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Инвесторлар химия кешенін салу (тұрмыстық химия, косметика, құрылыс химиясының өндірісі), бизнес-үдерістерді және халыққа қызмет көрсетуді жедел автоматтандыру платформасын енгізу, етті мал шаруашылығын дамыту жобаларын ұсынды.
Кездесуде жер телімдерін бөлу мен инфрақұрылымға қатысты мәселелер де көтерілді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы бұған дейін ұсынылған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен де танысты.
Нұржан Нұржігітов «ПОШ-Тараз» фабрикасының басшылығымен шикізатпен қамтамасыз ету және импорт көлемін арттыру мәселелерін талқылады.
– Инвестициялық штабтың жұмысы сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға, экономикалық белсенділікті арттыруға және халықтың табысын ұлғайтуға, оның ішінде жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Инвестициялық келісімшарттар жасау бойынша жұмыстарды күшейту маңызды. Салалық басқармалар туындаған мәселелерді жедел шешуге барынша әрекет етуі тиіс. Жоспарланған барлық инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет, — деп тапсырды облыс әкімі.
Жамбыл облысының әкімдігі