Нығматулин биліктегі «шала қазақтарға» кімді үлгі етті?
Мәжілісте депутат Наринэ Микаелян «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қосымша баяндамасын бастан-аяқ қазақша жасап шықты деп жазады Sputniknews.kz.
Микаелян баяндамасын жасап болған соң мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин:
«Рахмет. Жарайсың, Наринэ Гамлетовна!», — деді.
Төрағаның бұл сөзіне депутаттар қол соғып, қолдау көрсетті.
«Меніңше, көптеген азаматтарға жақсы үлгі көрсетті. Әсіресе, сол жақта отырғандарға», — деді Нығматулин.
Ал сол жақта заң жобасы бойынша депутаттардың алдында баяндама жасап, олардың сұрақтарына жауап беретін мемлекеттік органдардың өкілдері отырады.
Бүгінгі отырыста бірқатар министрліктің лауазымды тұлғалары қазақша қойылған сұрақтарға ресми тілде жауап берді.
Наринэ Микаелян қазақша баяндаған заң жобасын депутаттар мақұлдады. Депутаттың айтуынша, аталған заң жобасы Қазақстанның халықаралық шарттары туралы заңына сәйкес әзірленді.