Нысан иелері мүгедектерге қол жетімділікті қамтамасыз етуі тиіс

 

Кедергісіз қол жетімділіктің жоқтығынан құқық бұзылған жағдайда азаматтар департаментке өз өтініштерін пошта арқылы, мақсатты түрде немесе электронды портал арқылы жібере алады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Мүгедектерге қатысты әлеуметтік саясаттың ең өзекті міндеттері барлық басқа азаматтармен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, оларға толыққанды өмір салтын жүргізуге және азаматтық міндеттерін орындауға қолайлы жағдай жасау, деп мәлімдеді қалалық Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Тоқтыбаев.

 

«Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы өмір сүруге жағдай жасау керек. Алайда, көбінесе ғимарат тік немесе тайғақ жолмен жабдықталса немесе одан да жаманы, тіпті сау адам көтеріле алмайтын рельс құрылымын орнату арқылы қол жетімділікті қамтамасыз еттік деп ойлайтындар бар. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған санитарлық-тұрмыстық аумақтар да жабдықталмаған. Сонымен қатар пандустар (көтергіштер), тұтқалар балалар арбасымен серуендеуші аналар үшін де, қарттар үшін де қажет», – деді Қ.Тоқтыбаев. Осыған орай департамент бастығы елорда тұрғындары мен қонақтарына үндеу тастады. «Кедергісіз қол жетімділіктің жоқтығынан құқықтар бұзылған жағдайда, сіз шағымыңызды департаментке почта арқылы, мақсатты түрде немесе электронды портал арқылы жібере аласыз. Біз өз кезегімізде әр өтінішті қарастырып, тиісті шара қолданамыз. Сондай-ақ меншік иелері мүгедектерге олардың нысандарына қол жетімділікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар алу үшін департаментке жүгіне алады», – деді Қ.Тоқтыбаев. Департамент мына мекен-жайда орналасқан: Нұр-Сұлтан қаласы, Ш.Иманбаева көшесі 16, сенім телефоны: 20-14-62.