Қоқан басқыншыларымен шайқасқан Биназар батыр
Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры атты» бағдарламалық мақаласында сан ғасырлық тарихымызға, атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнерімізге, салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымыз бен бай мәдениетімізге баса назар аударды. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор екені атап өтілді. Түбімізді ұмытпауға, оны зерттеп, зерделеп кейінгі ұрпаққа жеткізу керектігі қадап айтылды.
Міне осы айтылғандарды басшылыққа алған Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Көкжелек, А.Назарбеков, Хантау ауылдарының тұрғындары «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген ниетпен Биназар батырдың 225 жылдығына арнап Хантауындағы «Сұңқар» шыңы баурайында мәңгілікке дамылдап жатқан Биназар баба кесенесі маңында ас беріп, ат шаптырды, палуандар белдесіп, ән-жыр айтылды.
Кесене маңына жиналған көпшіліктің қарасы қалың болды. Мойынқұм ауданынан басқа көршілес Шу ауданы, Тараз, Шымкент, Алматы, Астана қалаларынан келген қонақтар да көп-ақ. Олардың арасынан сонау Ақтау қаласынан арнайы келген баба ұрпағы, танымал кәсіпкер Қуандық Мұсалиевті сөзге тартқан едік.
— Менің атам көкжелектік. Алайда біз отбасы жағдайына байланысты алдымен Шуға, содан соң Алматыға көшкен едік. Мен өзім Ақтауда тұрамын. Осында Биназар бабамызға ас берілетінін Шудағы ағайындарымнан естіп, Ақтаудан арнайы келдім. Биназар батыр туралы кітапты оқығанмын. Бабамыздың батырлығы, еліне жасаған жақсылықтарына қанықпын. Бүгін тағы естідім. Елдің ұйымшылдығына, бабамызға деген ықыластарына, құрметтеріне риза болып тұрмын. Енді міне мойынқұмдық көптеген ағайындарыммен танысып, көңілім көтеріліп қалды, — деп тебіренді Қуандық.
Қуандықтың жанында жүрген, қазақтың мақтанышына айналған Серікті байқап қалдық. Серік Жаманқұлов кіші футболдан Қазақстан құрамасының белді мүшесі. Азия, Еуропа, әлем чемпионаттарының жүлдегері. Сөйтсек, ол Қуандықтың қарындасы Мөлдірдің жолдасы, біздің ауданның күйеубаласы болып шықты. Міне мұндай еліміз ғана емес шетелдерге де танымал, мемлекетіміздің абыройын асқақтатып жүрген азаматтың баба әруағын ардақтап, осындай басқосуға арнайы келуі оның азаматтығын байқатса керек.
Биназар батыр, Қоқан хандықтары қазақ жеріне басқыншылық жасағанда еліне пана болған батырларымыздың бірі. Сондай-ақ ол батыр болып қана қоймай еліне «Жерұйық» іздеген жан. Елін отырықшылдыққа үндеп, Шу өзенінен тоған қаздырды. Ауыл халқын егіншілікпен айналысуға үндеді. Бүгінде баба ұрпақтары ауданның 4-5 елді мекенінде тұрып, батыр қаздырған тоғанның игілігін көріп отыр.
Елін сыртқы, ішкі жаудан қорғап, өзі сол жолда жанын қиған батыр бабамызға арналған ас беру шарасында алдымен Теміртау қаласынан келген Сәрсенқұл ата бата берген соң, аудан имамы Ерлан Бөлегенов құран бағыштады. Сонан соң аудан әкімі Мәден Мұсаев, Шымкент қаласынан келген Әлімқұл Байбөлекұлы, Меркі аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қамбарбек Иманәлиев, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген ғалымдар Ерболат Мұсабеков, Ботагүл Алтайқызы, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев, Көкжелек ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Әскербек Нұрмайылов, «Биназар батыр» қорының төрағасы Сағат Алдабергеновтер сөйлеп, алыс-жақыннан келген ағайындарға алғыс айтып, Биназар батырдың ерлігі, халқына жасаған қамқорлығы жайлы кеңінен айтып өтті.
Жиын барысында жерлесіміз Асылхан Шүңіреков басқаратын тараздық «Тараз триосы», Берік Қалиев, басқа да әншілер ән айтып, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушылары би биледі. «Охотзоопром» ӨБРМҚК күзет қызметінің жетекшісі Қайрат Хасенов бастаған жастар Хантау ауылының тумасы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бірінші проректоры Қанат Тіреуов беріп жіберген 50 түп алма ағашын Биназар батыр кесенесі маңайына екті.
Сырттан келген қонақтар мен аудан азаматтары қаз-қатар тігілген 15 киіз үй мен екі үлкен бастырма астында жайылған дастарқаннан дәм татып, оқылған құранға қол жайды. Түс қайта көпшілік палуандар белдесуін тамашалады. Жастар және үлкендер арасында өткен қазақша күрестің Түйе палуаны болуға барлығы 34 үміткер қатысты. Белдесуге «Қазақстан барысының» қола жүлдегері, әлем, Азияның екі дүркін, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондарының қатысуы, жарыстың беделін анағұрлым көтеріп тастады. Жарыс өте қызықты өтті. Палуандар боз кілемде қазақ күресінің сан түрлі айла-тәсілдерін жасап, жанкүйерлердің айызын қандырды. Нәтижесінде жастар арасында Жамбыл ауданының жас палуаны Нұрлан Қырғызбай бірінші орынды иеленіп, арнайы дайындалған белбеуді беліне тағып, 100 мың теңгеге ие болды. Ал одан ақтық сында жеңіліс тапқан айдарлылық Бақдәулет Еркінбекұлы екінші орынды иеленсе, көкжелектік палуан Саян Сейітбек үшінші орынды қанағат тұтты.
Ересектер арасындағы ақтық белдесуге ақбақайлық Абай Ерболұлы мен айдарлылық Бегімхан Әділбеков шығып, негізгі уақытта тең түскенімен қоян-қолтық белдесуде Абайдың мерейі үстем болды. Ол да арнайы дайындалған белбеу мен 200 мың теңгеге қол жеткізді. Тараздық Айбол Айтбек үшінші орынға ілікті. Ол 2016 жылғы «Қазақстан барысында» үшінші орынға ие болған мықты палуандардың бірі. Алайда жерлесіміз А.Ерболұлы одан айласын асырып, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Екінші, үшінші орын алған палуандарға да тиісінше ақшалай сыйлықтар берілді.
Адамның делебесін қоздыратын құнан, аламан бәйге де өтіп, алғашқы орындарға тиісті бәйгелері берілді. Көкпар тартуда да жеңіске жеткен көкпаршылар сыйлықтан құралақан қалған жоқ.
Міне осылайша батырлығы мен ерлік істері, елді ұйымдастырудағы қасиеттері жоғары болған Биназар батырдың 125 жылдығына арналған іс-шара жоғары деңгейде өтті. Оған келгендер оны ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, тарқасты.
Саятхан Сатылғанов