О.Тайманов ауылында көпір cалынды
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бәйдібек ауданында бүгін қос ауыл, яғни Орынбай мен Ақжар ауылдарының тұрғындары қуанышқа бөленді. Себебі, екі ауылдың ортасындағы өзен үстінен салынған жаңа көпір пайлануға берілді. Бұл өткел негізінен жаяу жүргіншілерге арналған. Бұрынғы көпір өзеннің асау мінезіне шыдас бермеп еді.
Отыз жылдай уақыт пайдаланылған көпір үстіміздегі жылы көктемде құлап тынған болатын. Сондықтан аралда қалғандай күй кешкен ауыл жұрты мәселе көтеріп, төтенше жағдай аудан басшыларының назарына ілікті. Нәтижесінде жаңа көпір салу ісі қолға алынған-ды.
Біраз уақыт бұрын құрылысы аяқталған көпір 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Н.Айтбеков қатысып, жаяу жүргіншілерге арналған көпірдің лентасын қиды.
Жаңа өткелдің құрылысына облыстық бюджеттен 45 млн 306 мың теңге қаржы бөлінген. Көпірді «ЖБИ-С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салды.
Осы арада Орынбай Тайманов ауылында үстіміздегі жылы бір көше асфальттанғанын айта кеткен жөн. Ол көшеге былтыр тас төселген болатын. Келесі жылы аталмыш ауылда тағы да бірнеше көшелерде асфальт төселеді деп күтілуде. Әрине, мұның барлығы аудан, облыс басшыларының әлеуметтік мәселелерге назар аударғанының арқасында атқарылуда.
Сабыржан Байбосынов,
ОҚО