Облыс әкімі Байзақ ауданындағы бірқатар мәселелермен танысты
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен жан-жақты танысып шықты.
Алдымен Сарыкемер ауылындағы 5-қабатты 60 пəтерлі тұрғын үйлердің (№1, №2, №3, №4) құрылысымен және тұрғын үйлерге тартылған газ жүйесі және көп қабатты үйлер маңындағы каналды бетондау мәселесімен танысты.
Облыс басшысы жаңа тұрғын үйлерге балалар алаңшасын салу мәселесін кешенді түрде ұйымдастыруға басымдық беріп, жұмыстың сапалы аяқталуын жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Келесі кезекте Сарыкемер ауылындағы 250 келушіге арналған аудандық емханаға ат басын бұрып, материалдық-техникалық базамен, медицина қызметкерлерінің жұмысымен толық танысты.
3 блоктан және лабораториядан тұратын заманауи емхана жылына 330 000 келушіні қабылдауға қауқарлы.
Іссапар барысында Сарыкемер ауылындағы қуаты «2х16000 кВА ВЛ-35 кВ 35/10 кВ ҚС 2 тізбекті желі 35 кВ» құрылыс нысаны да әкім назарынан тыс қалмады.
Мердігері — «АСБ Электромонтаж» ЖШС өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайыз аяқталған. Дегенмен нысанды 2023 жылға аяқтау үшін тиісті қаражат мәселесі туындаған. Аймақ басшысы аталған мәселені назарға алатынын жеткізді.
Ербол Қарашөкеев Сарыкемер ауылындағы Байзақ аудандық білім бөлімінің Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясына да ат басын бұрды. Аталған білім ошағында бүгінгі таңда 2170 бала білім алуда. 1 сыныптың өзіне 300 оқушы келген. Биылғы түлектерінің 70 пайызы грантқа оқуға түскен.
Білім ошағындағы оқушылардың ғылыми, спорттық жетістіктерімен жеке-жеке танысып шыққан облыс басшысы бала орнының тапшылығына қатысты мәселені де назарына алды.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы облыстың тарихи-мәдени ескерткішінің бірі Байзақ датқа кесенесіне соғып, баба рухына Құран бағыштады.
Аймақ басшысы келесі кезекте Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі «Агрохолдинг Аspan» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің егіс алқабына ат басын бұрып, 250 гектар алқапқа жаңбырлатып суару жүйесі арқылы қант қызылшасын өсіріп отырған шаруалардың жұмысына жоғары бағасын берді.
Кооператив басшысы Әлібек Манатовтың айтуынша, алқапқа қойдың жүнінен өндірілген тыңайтқыштар пайдаланылған.
Нәтижесінде қант қызылшасының да, дәндік жүгерінің де өнімділігі артқан.
Шаруалар қылшаға жиын-терін науқанын қараша айының басында басталатынын айтты.
Ербол Қарашөкеев кооператив алқабында алдағы уақытта ауқымды түрде «Егістік күнін» ұйымдастыруды тапсырды.
Жамбыл облысы әкімдігі