ОБЛЫС ӘКІМІ ДАРХАН САТЫБАЛДЫ БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Бүгін Түркістанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні аталып өтті. Кәсіби мерекеге орай «Конгресс Холл» кешенінде ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, құттықтады. Салтанатты шараға өңірдегі БАҚ саласының ардагерлері, мамандары, басқармалар мен аудан және қала әкімдіктерінің баспасөз хатшылары, сондай-ақ әлеуметтік желі белсенділері арнайы шақырылды.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатұлы «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген екен. Бұл тұжырым қазір де барынша өзекті. Журналист болу – халыққа қызмет ету. Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. Сондықтан, журналистика саласына артылар міндет пен жүктің жеңіл емес екендігі белгілі. Бүгінде Түркістан облысының медиа кеңістігінде 180-нен аса бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеуде. Өңірімізде абырой биігінен көрініп жүрген кәсіби журналистеріміз аз емес. Олар еселі еңбегімен оқырманның, көрерменнің алғысына бөленуде. Сіздердің Түркі жұртының рухани астанасы – Түркістанның қалыптасуына, Түркістанның көркеюіне қосып жатқан сүбелі үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта да ел игілігі жолында қалам құнарымен, ой шұрайымен қоғамға талмай қызмет ете беріңіздер!
Сіздерге еңбектеріңізге толағай табыс, шығармашылық шабыт, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! — деген облыс басшысы бірқатар сала қызметкерлерін марапаттады.
«Замана» Баспа үйі редакторлар кеңесінің төрағасы, «Замана» серіктестігінің директоры Иса Таскұлов «Құрмет» орденімен, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің бас директоры Жанахмет Ағыбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бөлім меңгерушісі Тұрсын Дәулетұлына, «Южный Казахстан» облыстық қоғамдық-саяси газеті Ирина Притулаға, «Жанубий Қозоғистон» облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Мухтабар Османоваға, «Рейтинг» газетінің бас редакторы Бакытжан Дәуітовке, «Айғақ» телеарнасының аға телеоператоры Ақжол Рахманқұловқа, облыс әкімінің баспасөз қызметінің маманы Ғабит Сапарбековке, Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің жетекішісі Төребек Байтасовқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Құрмет» грамотасы, Түркістан облысы әкімінің Құрмет Грамотасы берілді.
Қазақстан Журналистер одағының шешімімен Әбдез Рахманұлы «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісімен марапатталды. Оны ҚР Журналистер одағы филиалының міндетін уақытша атқарушы Мәлік Дәулетов пен профессор, ардагер журналист Сейдулла Садықов табыстады.
Мерекелік шара барысында «Конгресс Холл» кешенінде шығармашыл жастардан құралған «Jana lep!» өнер ұжымы, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласы сазды-драма театрының ішінен құрылған «Тарлан» ВИА, Сарыағаш мәдениет үйі «Еркетай» би тобы өнер көрсетті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі