Облыс әкімі Хромтау ауданындағы ауыл шаруашылығының дамуымен танысты.
20 мамыр, бейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Хромтау ауданына барды.
Өңір басшысы Қызылсу ауылдық округінде 2020 жылы құрылған «Kyzylsu Fish» ЖШС-нің өндірістік-шаруашылық қызметімен танысты. Кәсіпорын балық, соның ішінде тұқы өсірумен айналысады. Өндіріске салынған жеке инвестиция 400 млн теңгені құрады. Былтыр компания су қоймасына тұқы, ақ амур және дөңмаңдай балықтарының 400 мың шабағын жіберген. Қазіргі таңда мұнда қырық адам жұмыспен қамтылып отыр.
Бұл күндері егін науқаны облыс әкімінің назарында. Абай және Ақжар ауылдық округтерінде Оңдасын Оразалин «Наурыз» ШҚ мен «Ақжар Агро» ЖШС алқаптарында болды. Шаруа қожалығы жыл сайын мың гектардан астам жерге, ЖШС 12 мың гектардан астам жерге егін салды. Технологияны сақтағанның арқасында өнімділігімен танымал.
Соңғы үш жылда бір гектардың орташа түсімі 10-12 центнер астықты құрайды. Осы жылы «Наурыз» ШҚ қызмет түрлерін кеңейтеді. Атап айтқанда, құны 15 млн теңге болатын қаз фермасы ашылады. Бастапқы кезеңде 2 мың қаз сатып алу жоспарланып отыр. Бұдан өзге, құны 100 млн теңге болатын төрт жылыжай кешенін салу жоспарлануда.
Айта кету керек, жоғары өндірістік тиімділікпен жұмыс жасап жатқан «Наурыз» шаруа қожалығы мен «Ақжар агро» ЖШС бизнестің мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдаланады. Мәселен, өткен жылы «Наурыз» ШҚ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 6 млн теңге қаржы алды. Ал, «Ақжар агро» ЖШС «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның лизингтік бағдарламасын пайдаланып, биыл
385 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар тапсырмалар беріп, аудан әкімінің алдына мемлекеттік бағдарламаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру, соның ішінде ауыл шаруашылығын дамыту саласы, халықпен жұмыс, жаңа жұмыс орындарын ашу және т.б. бойынша нақты тапсырмалар қойды.