Облыс әкімі қалпына келтіру жұмыстарын сапалы әрі жедел орындауды тапсырды
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданына жұмыс сапарымен келіп, төтенше жағдайдан кейін қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді.
Аймақ басшысы алдымен жылу көзі болып табылатын «Игілік» орталықтандырылған қазандығында болып, қызметімен танысты. Қазіргі таңда қазандық штаттық режимде жұмыс істеп, қаланы жылумен қамтамасыз етуде. Отын көлемі жеткілікті.
Бұдан соң облыс әкімі қатты желден шатыры ұшқан көпқабатты тұрғын үйлерді аралап көрді. Мұндай үйлердің саны 11-ге жеткен.
Келесі кезекте аймақ басшысы “Корзинка” ірі дүкеніне бас сұғып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы мен қорының жеткілікті екендігін тексерді. Дүкенде тиісті азық-түлік қоры қалыптасқан. Нұржан Нұржігітов нан мен су тапшылығын болдырмауға айрықша басымдық беру керектігін ескертті.
Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапары барысында жедел штаб отырысын өткізді.
Басқосуда аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков қалыптасып отырған ахуал бойынша баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазіргі кезде ауыз су беру мәселесін жедел шешу бойынша шаралар қабылдануда.
Нұржан Нұржігітов зардап шеккен нысандарды, құлаған электр бағаналарын қалыпқа келтіру шараларын жүрдім-бардымға салмай, жедел әрі сапалы орындауды тапсырды.
— Ең бастысы халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің жұмысы тұрақты әрі үздіксіз жүзеге асуы тиіс. Азық-түлік тапшылығының орын алмауы маңызды. Ал, қалпына келтіру жұмыстары 7-10 күннің ішінде аяқталуы керек. Барлық нысанда жұмыстар бір мезгілде басталып, құжаттама жұмыстары қатар атқарылуы қажет. Қаланың тазалығы да басты назарда болуы тиіс,-деді аймақ басшысы.
Жамбыл облысы әкімдігі