Облыс әкімі қордайлықтардың қордаланған мәселелерін тыңдады

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің халықпен кездесулері жалғасуда.

Бұл жолы аймақ басшысы Қордай ауданындағы Сарыбұлақ және Ауқатты ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдады.

Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Алдымен Сарыбұлақ ауылының тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы олардың түрлі сауалдарына жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі басымдықтар жөнінде тоқталып, адами капиталды дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу, заң мен тәртіптің сақталуының маңыздылығын атап өтті.

Дәл осындай форматтағы кездесу Ауқатты ауылдық округінде де ұйымдастырылды.

Мұнда ауыл ақсақалдары ауылдық округте іске асқан ауқымды жобалар туралы айтып берді. Соның ішінде табиғи газ, жарық, ауыз су және жол мәселесі біршама реттелген көрінеді. Кездесуде Ауқатты ауылдық округіне қарасты Қызылсай ауылының тұрғындары №10 мектептегі шиеленістің жай-жапсарын түсіндіруге тырысты. Кейін өңір басшысы мектептегі мәселені анықтау мақсатында жұмысшы тобы келетінін жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, осы ауылдың ортасындағы өзен суын шаруалар пайдалана алмай келеді. Су азайғанда ел арасында талас-тартыс басталады екен. Егер осы аумақтағы ағын су мәселесі шешілсе, онда 300 гектар жерге су жетеді. Сондай-ақ мұнда ескірген электр бағаналарын да жөндейтін уақыт келіпті. Облыс әкімі бұл сұрақтарға облыста 2025 жылға дейін іске асатын ауқымды жобаларға сүйене отырып, кеңінен жауап берді.

Осы ауылға келіп тұрған көгілдір отынға қосылмаған үйлер де бар екен. Қазір таңда 1050 үйдің 750-і газдандырылған. Ал басқа үйлер техникалық рұқсатнамасын ала алмай отырған көрінеді. Өңір басшысы бұл мәселеге газға жауапты мекемеден бұрын ауыл әкімінің жауапты, ауылдағы мәселені шешу ауыл әкімінің құзырында екенін баса айтты. Ізінше осы айдың соңына дейін мәселені бақылап, техникалық рұқсатнамасы талапқа сай келетін немесе келмейтін үйлерге мәселенің мән-жайын ашып түсіндіруді нықтап тапсырды. Кездесуде ауыл халқын толғандырған өзге де мәселелер айтылып, әкім оларға тиісінше жауап берді.

Нұржан Нұржігітов барлық саладағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды, жыл қорытындысы бойынша да даму динамикасын сақтау бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Жергіліктерді тұрғындарды заңдылық пен тәртіпті, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға шақырды.

Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Жамбыл облысы әкімдігі