Облыс әкімі құтқарушыларды кәсіби мерекемен құттықтады
Бүгін Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында Құтқарушылар күніне орай мерекелік жиын өтті. Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, сала ардагерлерін, төтенше жағдай департаменті мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
«Елімізде төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына 27 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде оқыс оқиғалардың алдын алу және жою жұмыстары бойынша біршама жұмыс атқарылды. Халықтың сеніміне ие болды. Қиын жағдайларда ең алғаш болып көмекке келетін төтенше жағдайдың батыр қыз-жігіттері. Ешнәрсеге қарамай, тәуекелге бел буып, азаматтарымызды құтқарамыз деп келеді. Мұндайда батылдық, кәсіби шеберлік, мықты жүрек керек. Қызмет барысында қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алдық. Олар елдің есінде. Жамбыл, Қостанайдағы өртке біздің ақтөбелік құтқарушылар қарсы тұрып, ерлік көрсетті. Үлкен алғысымды білдіремін. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Халықтың алғысына бөлене беріңіздер» — деп облыс әкімі Ералы Тоғжанов мерекелік жиын қатысушыларына ізгі тілегін білдірді.
Төтенше жағдайлар кезінде адам өмірін арашалауды кәсібіне айналдырып, жанқиярлығымен, батылдығымен Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген құтқарушыларды Ақтөбе облысы әкімі Ералы Тоғжанов Алғыс хатпен марапаттады. Олардың ішінде өрт сөндіру бөлімдерінен Бағдат Ақниязов, Нұрбек Жанпейіс, Наурызбай Дүйсенғалиев, Жедел құтқару жасағынан Есентұрар Серғазыұлы және басқалары бар.
Сондай-ақ, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, полковник Марғұлан Аманбаев әріптестерін мерекемен құттықтап, бір топ қызметкерді Төтенше жағдайлар министрлігінің медальдарымен, алғыс хат және грамотасымен марапаттады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі