Облыс әкімі мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттады
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов 21 мамыр — мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Жуалы ауданы Талапты ауылы Ш.Мұртазаның әдеби-мемориалды музейінің аумағында өткен шара барысында ұлттық спорт ойындар, көрме, театрландырылған көрініс және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
— Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері! Сіздерді Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамыз төл өнеріміз бен мәдениетімізді өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келесіздер.
«Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» — деп Мемлекет басшысы атап өткендей, мәдениет саласы ешқашан назардан тыс қалған емес.
Жалпы, ағымдағы жылы облыстың мәдениет саласына 11,9 миллиард теңге бөлініп, 14 нысанның құрылысы және 4 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, мәдениет үйлеріне қосымша 94 штат беріліп,
143 үйірме ашылды.
Жамбыл жері таланттарға бай, киелі мекен. Өңірдің мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздары халықаралық, республикалық деңгейдегі түрлі байқауларда топ жарып, облыс беделін арттыруда.
Сіздерге осындай жауапкершілігі мол, жүгі ауыр саладағы еңбектеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Еліміздің рухани-мәдениетін нығайту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін, дей келе Нұржан Нұржігітов бірқатар сала қызметкерлеріне түрлі марапаттарды тапсырды.
Нақтырақ айтқанда 40-тан астам мәдениет мамандары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі,
Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, арнайы стипендиясы, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев пен белгілі әнші-композитор, Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев та өз лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов та мереке иелерін құттықтап, бірқатар мәдениет қызметкерлерін марапаттады.
Шара концерттік бағдарламаға, тартысты ұлттық спорттар жарысына ұласты.
Жамбыл облысы әкімдігі