Облыс әкімі пәтер мәселесін шешіп берді
Жарқыраған күн мен жайқалған гүлді объективіне сыйдырып, сұлулықтан сыр тартып жүрген танымал фотограф Алтынбек Қартабай жиырма жылдан бері облыстық «Ar-Ai» жастар газетінде еңбек етеді. Облыс көлемінде сан мәрте фотокөрмесі ұйымдастырылған фототілші халықаралық байқауларда да бақ сынап, жеңістің биік тұғырынан көрінді.
2017 жылы сол кездегі облыс басшылығы фотошеберге қаланың орталығынан үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған болатын.
Алайда, пәтердің кілтін алғанымен, үй құжаттары рәсімделмей, мәселесі шешілмей қалады.
Арада алты жыл өткен соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Алтынбек Қартабайдың орталықтағы пәтерін заңдастырып берді. Сөйтіп, көпбалалы әкенің шаңырағы жуырда ғана шынайы шаттыққа бөленді.
2017 жылдың қыс айында пәтерге кірген фототілші 2023 жылдың Наурыз мерекесінде ғана оның заңды иесі атануға мүмкіндік алды.
– Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Баспаналы болғаныммен, басшылар ауысып кетіп, пәтер толық заңдастырылмай қалған еді. Сөйтіп, 2017 жылы пәтердің кілті маған табысталғанымен, осы күнге дейін пәтер тұрғын үйді салған құрылыс компаниясының меншігінде тұрды. Пәтер заңды түрде өзіңдікі болмаған соң, сол үйдің есігін күдікпен ашып, күдікпен жабасың. Түн ұйқың төрт бөлініп, «Қай күні пәтерді босат деп айтар екен?» деп уайымға салындық. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қолдауымен бұл мәселе шешілді. Тиісті құжатты қолымызға алдық. Өңірдің ақпарат саласындағы азды-көпті еңбегімізді бағалап, азаматтық танытқан Нұржан Молдиярұлына айтар алғысым шексіз», – дейді Алтынбек Қартабай.
Aqjol Aqparat