Облыс әкімі Қарғалы ауданын газдандыруды жеделдетуді тапсырды.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 22 мамыр, сенбі күні жұмыс бабымен Мәртөк және Қарғалы аудандарында болды.
Қарғалы ауданына жұмыс сапары алқаптарды, «Айдана», «Арман», «Байқұла» «Рассвет» шаруа қожалықтарының, «ИнтерАгро» ЖШС-нің материалдық-техникалық базаларын қараудан басталды. Өңір басшысы шаруалардың өтініш-тілектерін тыңдап, аудан басшысына ауыл шаруашылығын өндірушілерге егін егу науқаны кезінде барынша қолдау көрсетуді тапсырды.
Петропавловка ауылында Оңдасын Оразалин жуырда медициналық бекет болатын екіқабатты ғимаратқа баға берді. Ғимаратты сатып алуға облыс бюджетінен биыл 60 млн теңге бөлінген.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Ардағым» балық шаруашылығына барды. Шаруашылық
тоғанда бекіре балығын өсірумен айналысады. Бұдан басқа, мұнда тұқы тұқымдас балықтарды өсіреді.
Облыс әкімінің жұмыс сапарының соңында аудан елді мекендерінің газдандырылуымен танысты. Қазіргі таңда Ащылысай және Әлімбет ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр.
Ащылысайды газдандыру биыл аяқталуы тиіс. Жоба құны 109 млн теңге. Сол жүзеге асырылысымен 490 үй мен бес әлеуметтік нысан газбен қамтылады. Ащылысайда барлығы 800 адам тұрады.
Сонымен бірге, Әлімбет ауылын газдандыру жұмыстарын жарын аяқтау жоспарланған. Өңір басшысы жобаның жүзеге асырылу барысымен танысып, осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл үшін барлық ресурстар бар.
Мердігерлер алдарына қойған тапсырманы белгіленген мерзімде орындауға міндеттелді.